Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта сөйлеген сөзінде, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен халқынан сенімді ақтамағаны үшін кешірім сұрады, сонымен қатар өзіне тағылған айыпқа байланысты бар шындықты жасырмай айтуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бұл қылмысқа қатысым жоқ екенін халқымызға, ең бастысы Қазақстан президенті, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жеткізгім келеді. Кәсіби жетістіктерімнің бәріне сол кісінің арқасында ғана жеттім… Президент алдында кінәлі екенімді түсінемін. Өзім танитын, жұмысқа шақырған адамдарым үмітімді ақтамады. Сол үшін жауаптымын. Менің сенімімді пайдаланғандарды билікке жақындаттым. Сол үшін мемлекет басшысы мен бүкіл халқымыздан кешірім сұраймын. Осындай жайтқа тап болғаныма қарамастан, президентке әбден берілген жан болып қала беремін", — деді Бишімбаев Астана қаласы қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта.
Процес барысында атап өткендей, ұсталған күннен бастап тергеу айыптау сипатында жүргізілгендіктен, бір жылдай тіс жарып, ештеңе айтпапты.
"Видеоны көретін болсақ, кей күдіктілер менімен бетпе-бет келгенде жылап жіберді. Неге екенін түсінемін – шарасыздықтан, тергеу тарапынан көрген қысымнан мені тіпті танымаса да, маған қарсы мәлімет беруге мәжбүр болды. Бұл қысымды өзім де сезіндім", — деді Бишімбаев.
Бишімбаевтың айтуынша, оны адвокатсыз процестен тыс кездесуге шақырып, барлық кінәні мойнына алуды ұсынғандар да болыпты.
Сотталушы атап өткендей, құр сөзге бола, кісіні айыптап, түрмеге қамап қоюы мүмкін деп ешқашан ойламаған.
"Сот барысында өздеріңіз көргендей, айыпталушылар айтқан сөздерін, деректерін жүз қайтара өзгертті. Бұл қылмыстарға ешқандай қатысым жоқ. Тергеу барысында жиналған материалдар бойынша да ештеңе айта алмаймын. Сот талқылауы кезінде қаражаттың қалай берілгенін зерттедік, мен сол жайында мәлімет беретін боламын", — деді экс-министр.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы 28 желтоқсанда ҚР Ұлттық экономика министрі болып Қуандық Бишімбаевтің орнына Тимур Сүйлейменов тағайындалды. Кейінірек президент Бишімбаевқа қатысты іс қозғалғанын хабарлады. 10 қаңтарда экс-министр пара алу кезінде ұсталып, 13 қаңтарда тұтқындалды.