Қуандық Бишімбаев қанша жылға сотталуы мүмкін?

652

Сарапшылар осы мәселеге қатысты пікір білдірді. 

Қуандық Бишімбаев қанша жылға сотталуы мүмкін? Фото: Jogargy_sot

Елордада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Тәжірибелі заңгерлер экс-шенеунік қанша жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Заң консультанттары палаталарының қауымдастығы кеңесінің төрағасы Фарид Әлиев Қуандық Бишімбаев ісі бойынша өтіп жатқан сотты Қазақстанда және одан тыс жерлерде қоғамдық резонанс пен процеске үлкен көңіл бөлінуіне байланысты дәуірлік оқиға деді.

"Қуандық Бишімбаевтың ісі сот төрелігіміздің жалпы жай-күйінің, процеске қатысушылардың кәсіби тұрғыдан дайындық деңгейінің және олардың этикалық стандарттарды сақтауының көрсеткіші іспеттес. Жариялылықтың барынша салтанат құруы, тікелей эфирлер, әлеуметтік желілердегі теке-тірестер бұл істі тек заңды негізден және қылмыстық процестің орбитасынан әлдеқашан алып тастап, әлеуметтік пікірталас алаңына кіргізіп жіберді, сондай-ақ сот жүйесі, адвокаттар қауымдастығы мен жалпы қоғамымыздағы өзекті мәселелерді көрсетті", - деді ол.

Әлиев сотталушыға қатысты ықтимал жаза туралы тоқтала келе, Бишімбаев Қылмыстық кодекстің "Азаптау" және "Кісі өлтіру" атты екі бірдей бабымен айыпталып отырғанын еске салды.

"Гипотетикалық тұрғыдан екі қылмыстық құқық бұзушылықтың жиынтығы бойынша ауырлататын мән-жайларды ескерер болсақ, судья мен алқабилер бірауыздан дауыс берген жағдайда ғана өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза тағайындалуы мүмкін. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша ("Кісі өлтіру") 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделеді. Қылмыстық Кодекстің 110-бабының 2-бөлігі ("Азаптау") 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді", - деді заңгер.  

Бұдан басқа Әлиев жазаны тағайындау кезінде экс-министр Бишімбаевтың бұрын сотталғаны ескеріле ме деген сауалға да жауап берді. Айта кету керек, 2017 жылы бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев  жемқорлық дауына байланысты ұсталған болатын. 2018 жылдың наурыз айының ортасында шенеунік пара алып, сеніп тапсырылған мүлікті иемденгені немесе ысырап еткені үшін айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылғы 13 ақпанда бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған рақымшылық жасалып, экс-министрге тағайындалған жаза төрт жылға дейін бас бостандығынан шектеуге қысқартылды. 

"Бұл қылмысы үшін ол жазасын өтеді. Бұдан бөлек бұл қылмыстың сипаты басқа болатын. Сәйкесінше сыбайлас жемқорлыққа қатысты еді. Бишімбаев бұл қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жауапкершілік арқалап, пробация кезеңінен өтті, рақымшылық жасалды", - деді заңгер.

Бишімбаевтың бірнеше баласы бар екені белгілі. Фарид Әлиев осы жайт үкімге қалай әсер етуі мүмкін екеніне тоқталды. 

"Сот жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды ескеруі мүмкін. Бүгінде оған "Кісі өлтіру" бабы бойынша 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Яғни, ең төменгі шегі – 15 жыл. Екінші бап – "Азаптау". Бишімбаев үшін ең жақсы жағдайда егер де оның кінәсі дәлелденсе, оған 15 жыл берілуі мүмкін. Алқабилер сотының істерді қарауы елімізде өте шектеулі тәжірибе екенін ескерген жөн, бұл өте сирек қолданылады. Сол себептен оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін болжау тым қиын. Жазаның ең төменгі шегі – 15 жыл, оның "Азаптау" бойынша екінші бабы бар. Егер де ол бап бойынша да кінәлі деп танылса, онда жаза мерзімі ұзартылады. Балалардың болуы бұл жағдайда аса маңызды рөл атқармайды", - деп қорытындылады спикер.

Бұдан бөлек Әлиев алқабилердің қаншауы бұрынғы министрге өмір бойғы бас бостандығынан айыру туралы үкімге қарсы дауыс бере алатынына қатысты пікір білдірді. 

"Әлемдік тәжірибеге сәйкес, алқабилер соты жеке судьяға қарағанда ақтау үкімін шығаруға бейім келеді. Біріншіден, бізде алқабилер институты өзінің алғашқы қадамын енді жасап келеді, оның жеткілікті деңгейде дамымағанын айта кету керек, бізде бай, ауқымды тәжірибе жоқ. Екіншіден, оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын беру үшін судья мен алқабилердің бірауыздан шешімі қажет. Егер де кем дегенде бір-екеуі күмәнданатын болса, кейбір алқабилер бұл бап бойынша оны кінәлі емес деп есептеуі мүмкін. Барлығы дауыс санына байланысты, егер 8 адам ғана дауыс берсе, онда оған өмір бойғы жаза болмайды. Өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза судья мен алқабилердің бірауыздан шешімі кезінде ғана тағайындалуы мүмкін", - деді заңгер.

Осыған дейін атышулы істерге қатысқан адвокат Хамида Айтқалиева алқабилердің дауыс беру және үкім шығару процедурасы қалай өтетініне тоқталды.

"Сот тергеуінің қорытындысын, соттағы жарыссөздерде баяндалған айыптау және қорғау тараптарының дәлелдерін ескерер болсақ, іс бойынша төрағалық етуші судья кеңесу бөлмесінде судья мен алқабилердің шешуіне жататын мәселелерді тұжырымдайды. Сұрақтар жария етіліп, тараптарға жолданады. Мәселелерді талқылау (тұжырымдау) кезінде алқабилер сот отырысы залында қатыспайды. Тараптар тұжырымдалған мәселелер бойынша ескертулер беруге құқылы және жаңа ескертулер ұсына алады", - деді Айтқалиева.

Сот тараптардың ескертулері мен ұсыныстарын ескеру арқылы мәселелердің түпкілікті тізбесін жасап, оларды сұрақ парағына енгізеді.

"Сот қорғау және айыптау тараптарының қатысуымен талқыланбаған мәселелерді енгізуге құқылы емес. Сот қол қойған сұрақ парағы тараптар мен алқабилердің қатысуымен жариял етіледі. Сотталушының жауапкершілігіне есептелген әрбір іс-әрекет бойынша іс-әрекеттің орын алғаны дәлелденген бе, бұл әрекетті сотталушы жасады ма, сотталушы бұл әрекетті жасағаны үшін кінәлі ме деген үш негізгі сұрақ қойылады. Дауыс беру жасырын түрде өтеді. Алқабилердің алдына іс-әрекеттің құқықтық біліктілігін талап ететін мәселелер, сондай-ақ "Кісі өлтіру" және "Аса қатыгездікпен кісі өлтіру" сияқты заңды терминдерді қолданатын сұрақтар қойылмайды", - деп атап өтті ол.

Сұрақтар алқабилер үшін қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс, деп жалғастырды Хамида Айтқалиева.

"Іс-әрекетті саралау бойынша шешімді сот алқабилердің қатысуынсыз қабылдайды: сот сотталушының нақты қандай қылмыс үшін жазаланатынын жеке анықтайды. Жаза тағайындау жөніндегі мәселе алқабилердің қатысуымен ашық дауыс беру арқылы шешіледі. Судья мен алқабилер алқасы кеңесу бөлмесінде шешімді қабылдайды. Судья мен алқабилер дауыс беру үшін әрбір сұраққа бір таза бюллетеннен алады", - деді адвокат.

Судья мен алқабилердің дауыстары тең. Осы тсұта судьялар мен алқабилердің дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқықтары жоқ.

"Сәйкесінше судья алқабилермен тең дауыс береді. Қазақстандық алқабилер сотының классикалық модельден айырмашылығы осы. Классикалық модельде алқабилер судьяның қатысуынсыз өз бетінше үкім шығарады, ал сот тек төреші рөлін атқарады. Бюллетенбдегі әр сұраққа "Иә, дәлелденген", "Жоқ, дәлелденбеген" ("Иә, кінәлі", "жоқ, кінәлі емес") деп жауап жазылады, содан кейін бюллетень дауыс беруге арналған  жәшікке салынады. Бірінші мәселе бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейін төрағалық етуші жәшікті ашып, алқабилердің қатысуымен дауыстарды санайды. Нәтижені төрағалық етуші бірінші сұраққа қарама-қарсы сұрақ парағында белгілейді. Қалған мәселелер бойынша дауыс беру де осылай жүргізіледі. Егер дауыс берушілердің басым көбі дауыс берсе, шешім қабылданды деп саналады", - деп қорытындылады адвокат.

"Юстус" заң консультанттары палатасы кеңесінің төрағасы Дана Жанаділдің сөзінше, осы іс бойынша экс-министрге ең жоғары жаза – өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасы қолданылуы мүмкін.

"Меніңше, бұл процесс қоғамымызда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, тәрбие бөлігіндегі және мәдениеттің жалпы деңгейіндегі мәселелерді ашып көрсетті. Әрине, бұл істегі жариялылық процеске қатысушылардың этикалық нормаларды сақтау деңгейінің көрсеткіші болды. Адам трагедиясын бүкіл ел бақылайтын рейтингтік шоуға айналдыруға болатыны өкінішті. Процесс форматына, кей қатысушылардың мінез-құлқына байланысты сұрақ көп. 

Қылмыстық кодекстің баптарын ескерер болсақ, Қуандық Бишімбаевқа ең жоғары жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылуы мүмкін. Алайда ол үшін барлық он алқаби мен судья бірауыздан дауыс беруі тиіс. Оған 15 жыл немесе одан да жыл уақыт тағайындау үшін 8 дауыс қажет. Әділ үкім шығу үшін сот пен алқабилерге қатысты қысымның кез келген түрін болдырмау өте маңызды", - деді заңгер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу