Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жазасын Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Сотталушының адвокаты мен ата-анасының ҚАЖ комитеті қанағаттандырған өтініміне сәйкес, сотталған Бишімбаев жазасын өтеу үшін Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа 167/3-ші жазасын өтеу мекемесіне ауыстырылады", – делінген ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарламасында.
Хабарланып отырғандай, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 88-бабы 2-бөлігіне сәйкес, түзету үшін жасалған жағдайды есепке ала отырып, әлеуметтік маңызды байланысын, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жаңа құқық бұзушылықтардан ескерту үшін бас бостандығынан айырылғандар басқа мекемеге ауыстырылады.
"Сотталған адамның жазасын өтеу орнын айқындау туралы шешімді аймақтық ҚАЖ департаменті қабылдайды. Басқа түзету мекемесіне ауыстыру кезінде сотталған Бишімбаевтың мүдделері есепке алынатын болады. Қылмыстық-атқару заңнамасы (ҚР ҚАК 89бабы 4 бөлігі) аясында қазіргі уақытта 167/3 жазасын өтеу мекемесінде бір жылдан артық уақытқа бас бостандығынан айырылғандар, қасақана аса ауыр емес және ауырлығы орташа, ауыр қылмысты жасағандар, сонымен бірге ҚР ҚАК-нің 96-бабы 1-бөлігі 1-тармағы және 3- бабы 2-тармағы бойынша сотталғандар жазасын өтеп жатыр", – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін сотталған министрдің қорғаушысы оның жазасын өтеу тәртібін өзгертуді сұраған болатын.
Айта кетсек, өткен жылдың наурыз айында бұрынғы Ұлттық экономика министрі мен осы іске қатысты өзге де айыпталушыларға сот үкімі шыққан еді. Сот үкімімен Қуандық Бишімбаевтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. Сонымен бірге, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.