Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі 10 мамырға дейін ұзартылды. Мұны Астана қалалық соты мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
"2017 жылдың 6 сәуірінде Астана қаласы №2 Алматы аудандық соты күдікті Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімін 2017 жылдың 10 мамырына дейін ұзартты", – деп жазылған хабарламада.
Қазір Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәлімдеуінше, ол бір топ адаммен алдын-ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталып отыр.
Бишімбаев Қызылорда қаласында шыны табақ шығаратын және өңдейтін зауыт салу кезінде "Orda Glass" ЖШС-ның ведомстволық бағынысты компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы "Шымкентхиммонтаж" ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырған деп күдікке ілінді.