Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтеді

1134

Басты сот талқылауы 27 наурызда өтеді.  

Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтеді Фото: Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Сот бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін алқабилер сотының қарауы туралы қос тараптың өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Дегенмен судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың ісін "Абайсызда кісі өлтіру" бабы ретінде қайта тағайындау туралы өтінішті қанағаттандырмады.

Бұған дейін Бишімбаевтың адвокаттары соттан істі тергеуге қайтаруды сұрап, қылмыс орнында тергеу экспериментін жүргізуді талап еткен болатын. Нүкенованың адвокаты соттан Бишімбаевтың қорғаушылары ұсынған барлық өтінішті елеусіз қалдыруды сұрады. Екі тарап та алқабилер сотына келісетіндерін мәлімдеді.

Айта кетсек, 11 наурызда бірінші сот процесі өтті, онда мемлекеттік айыптаушы осы іс бойынша тергеу нұсқасын жариялады. Айыптау актісіне сәйкес, кісі өлімі болған күні (2023 жылы 8 қараша) Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова елордадағы концерттердің біріне барған. Сол арада олардың арасында жанжал болады. Өзара түсінбеушілікке қарамастан, олар одан әрі бірге мейрамханаға барып, ұрыс-керіс жалғастығын табады. Ақырында Салтанат Нүкенова мерт болады.

Айыпталушы мен оның адвокаттары да өз ұстанымдарын білдірді. Бишімбаев кінәсін мойындамайды және өзін алқабилер соттағанын қалайды. Ал адвокаттар айыптау бабын қайта қарауды талап етті.

2023 жылы 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны хабарланды. Қайғылы оқиға елордадағы BAU мейрамханасында болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу