Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен алаяқтық жасауға оқталды және аса ірі мөлшерде пара беруге итермеледі деп айыпталған Людмила Грачеваға қатысты үкім шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Л. Грачева биыл мамырда Қ. Бишімбаев әйелін қатыгездікпен өлтірді деп айыпталып, ісі сотта қаралып жатқан кезде экс-шенеунікке қатысты үкімді жеңілдету және апелляцияға беру үшін одан 100 млн теңге көлемінде сыйақы сұраған.
"Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтары мен сараптамалардың қорытындылары, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері, бейнежазба және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдар арқылы дәлелденді", – делінген үкімде.
Сотталушы кінәсін мойындамаған, ал оның қорғаушысы ақтауды сұраған.
"Ауырлататын мән-жай анықталған жоқ. Алқабилер сотымен Людмила Грачева ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 28-бабының 4-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша (ҚК-нің 58-бабы) 10 жылға бас бостандығынан айырылды", – деп жазылған сот үкімінде.