Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың қарызын өтеу мерзімі ұзартылды

660

Қарызды кейін өтеу туралы өтінім шаруалардан қазірден бастап қабылданып жатыр. 

Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың қарызын өтеу мерзімі ұзартылды

Бұл туралыҮкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Биылғы климат жағдайы ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету белгілі бір қиындық туғызды. Жағдайды түзету үшін Үкімет нақты жедел шаралар қабылдап жатыр. Жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен өңірлерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен, құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жем-шөп сатып алуға жұмсалған шығындарын өтеуге Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлінді", – деді Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, Маңғыстау облысына мал азығын дайындау мақсатында қосымша 5,3 млрд теңге бөлу мәселесі шешімін тапқан. Сонымен қатар, жем-шөп дайындау проблемаларын шешуге жергілікті бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінген. Қосымша тағы 4,5 млрд теңге бөлу күтіліп отыр. 

"Зардап шеккен өңірлердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша қарыздарын ұзарту және қайта қарау туралы шешім жасалып, өтінімдерді қабылдау басталды. Облыстарда азық дайындау көлемін барынша арттыру бойынша шаралар кешені іске асырылып отыр. Өңірлерге мал азығын дайындау мақсатында қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді",  деді ол.

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу