"Кублей ісі": Тараптардың ымыраға келмеуіне байланысты сот ісі қайта жалғасады

1009

23 қарашада Орал соты өндірістік істі тоқтатқан болатын.  

"Кублей ісі": Тараптардың ымыраға келмеуіне байланысты сот ісі қайта жалғасады Фото: gov.kz

Бүгін Оралда "Кублей" ЖШС кәсіпорны тарапынан Орал қаласы мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Бақтияр Жорабаевтың үстінен түскен шағым бойынша апелляциялық сот алқасының отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz informburo порталына сілтеме жасап.

Оған судья Айгүл Маштақова, "Кублей ісі" бойынша арызданушы мен жауап беруші және үшінші тарап өкілдері қатысты.

Еске салайық, 23 қарашада Орал қаласының соты "Кублей ісіне" қатысты өндірістік істі тараптардың ымыраға келуі үшін тоқтатты. Алайда тараптардың өздері ымыраға келу туралы өтініш бермегендіктен, олар соттың шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық сот алқасына шағымданған болатын.

Судья Айгүл Маштақова сот отырысын ашқаннан кейін тараптардың пікірін білу мақсатында олардың өкілдеріне сөз берді. Алғашқы болып сөз алған "Кублей" ЖШС адвокаты Бақытжан Базарбек Орал қаласы мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Бақтияр Жорабаевтың тараптарды ымыраға келуі үшін өндірістік істі тоқтатып тастауын заңсыздық деп атады. Оның сөзінше, Азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптары бойынша пікірталастан кейін соттың өндірістік істі тоқтатуға құқығы жоқ. Ол шешім шығаруы қажет.

"Кублей" тарабының ұстанымын жауап беруші және үшінші тараптар да қолдап, судья Жорабаевтың өндірістік істі тоқтату жөніндегі шешімін жоққа шығарып, сот ісін қайта жалғастыруды, сәйкесінше, сот шешімін шығаруды талап етті.

Тараптардың пікірімен танысқан судья Айгүл Маштақова ақылдасудан кейін өз шешімін жария етті. Оның айтуынша, судья Жорабаевтың әрекетінде заңсыздық деректері жоқ. Мәселені бейбіт жолмен шешуге ынталандыру мақсатында судья өндірістік істі тоқтатуға құқылы. Алайда бұл жағдайда судья өндірістік істі 10 жұмыс күніне ғана тоқтата алады.

"Бұл мерзім аяқталды. Тараптардың ымыраға келіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге қарсы екеніне менің көзім жеткендіктен, сот ісі әрі қарай жалғасатын болады", – деп қорытындылады судья Айгүл Маштақова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу