Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына құрылыс сапасына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, азаматтар жеке баспанаға қол жеткізгеннен кейін құрылыс сапасына байланысты түрлі мәселелерге жиі тап болады.
"Көпшілік пәтерді ипотекалық бағдарлама арқылы сатып алып, оның ақысын жылдар бойы төлейді. Алайда кілтін алып, қоныстанғаннан кейін-ақ кемшіліктер анықтала бастайды. Кейде қоныс тойы өтпей жатып құбырлардан су кетіп, қабырғалар жарылып, қыс мезгілінде пәтер тоңазиды, тіпті қасбеттері құлайтын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде тұрғындар инженерлік желілерден бастап құрылыс сапасына дейінгі сан алуан мәселемен бетпе-бет қалады. Осы жерде қарапайым сұрақ туындайтыны анық. Үй салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қайда болды және қайда қарады?", – деді депутат.
Наурыз Сайлаубай құрылыс саласына объективті бағалау жүргізу қажет деген пікірде.
"Қолданыстағы жүйе заң бұзушылықтардың алдын алуға, қаншалықты мүмкіндік береді, құрылысты бақылауы қаншалықты тәуелсіз болып отыр. Неге кейбір елеулі проблемалар адамдар пәтерлерін алғаннан кейін ғана анықталады? Құрылысты жүргізу кезінде қанша заң бұзушылыққа жол берілді? Нысанды пайдалануға берілгеннен кейін қаншасы анықталады? Бақылауды кім жүзеге асырады, кім жауап береді және неге осынша олқылықтар ертерек анықталмады? Егер осы талдау нәтижесінде қолданыстағы жүйенің жеткілікті деңгейде тәуелсіз әрі тиімді еместігі анық болса, Құрылтай қажетті заңнамалық өзгерістерді қатаң түрде қарауға тиіс", – делінген депутаттық сауалда.
Азаматтарымыз өздерінің баспанасының сапасын пәтерді сатып алғаннан кейін барып анықтамауы қажет. Адал ақшасына пәтер сатып алған, кез келген тұлға соңғы бақылаушы болмауға тиіс, деп есептейді депутат.
"Мемлекет проблемалардың адамдар қоныстанғаннан кейін емес, жобалау және құрылысты жүргізу кезеңінде анықталып, оның жойылуын қамтамасыз етуге тиіс", – деді Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай.