Атырау облысында ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевтің анасы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналист Жанат Молдашованың әлеуметтік желісіндегі парақшасында күдіктінің анасынан алған сұхбаты жарияланды.
"Бұл – ауыр жағдай, басқа бермесін. Дәмдес болдық талай. (...) Балаларды өзім қараймын. Аманат қылып алып қалдым. Себебі келінім ауырып қалған соң, "емделіп келе қойшы" дедім. Арасында қатты көтеріліп кететін. "Емдетіп келе қой" дедім, басқа арам ойым болған жоқ. Бұл күні кеше, жақында пайда болған ауру. Осыған дейін оның әке-шешесі үйге бір келген жоқ. Келуге болады ғой. "Қызыма ренжіп қалдым" дейді. Кім ренжімейді? Бәріміз де ренжиміз қызымызға. Бірақ ана болғаннан кейін кешірімді болу керек қой. "Құдағи сізге қиын болды-ау, қызымды қарап отырсың, бес баланы бағып отырсың, мен алып кете қояйын, бір-екі ай мен қарайын" деп айтуға болады ғой. Құдам да, құдағиым да бір келіп, есікті бір соққан жоқ. Мен соған ренжідім", – деді күдіктінің анасы Гүлнәр Әзмұханова.
Айта кету керек, бұған дейін Атыраудағы қылмысқа күдіктінің анасы ағынан жарылғанын жазғанбыз.