"Қудалауды тоқтатыңыздар": Депутат министрге мұғалімдерге қатысты талап қойды

1631

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа мұғалімдерді заңсыз қудалауды тоқтатуды сұрады, деп жазады inbusiness.kz сайты депутаттың YouTube арнасына сілтеме жасап.  

"Қудалауды тоқтатыңыздар": Депутат министрге мұғалімдерге қатысты талап қойды Фото: Inbusiness.kz

"Осыдан 13 ай бұрын сізді министр ретінде ұсынғанда қолдап едім. Бірақ осы уақыт аралығында мәселелер шешілмеді. Біздің комитетке екі рет келдіңіз. Қаншама сұрақ қойдым, сіз үйіп-төгіп уәде беріп кеттіңіз. Бірақ біреуі де орындалмады. Мысалы 50-ші бұйрықты алайықшы. 2013 жылы қабылданған бұйрықта әлеуметтік аз қамтылған балаларға арналған мектеп-интернаты деп тұр. Біз балаларды мектеп кезінен бастап солай бөліп жатырмыз. Мен сізге былтыр күзде осы сұрақты қойғанмын. Бұл әлі шешімін таппапты, өзгеріс жоқ", – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Ол сонымен қатар Ақтөбе облысында ашылмай тұрған 6 мектеп туралы айтты. Министр мән бермеген.

"Араға алты ай салып қайта бардым, әлі сол күйінде тұр. Не қаражаты қарастырылмайды, не жұмысы жоқ. PISA-дан кейін "Білім беру бағдарламалары бойынша жаңартуларды қашан істейсіздер?" деп депутаттық сауал жолдадым. Маған сылдыртпа жауап бересіздер. Әр әлде бұл бағдарлама 5-6 жыл сайын өзгеріп тұрады. Біз өзгертудің орнына бәрін тоқтатып қойдық. Сосын 34 апталық оқу-бағдарламасына көштіңіздер, бірақ мұғалімдер 36 аптаның бағдарламасымен жүр", – дейді депутат.

Ол мұғалімдерді аттестаттау мәселесі туралы да айтты. Министрдің шешімімен аттестаттау процесі тоқтап тұр екен.

"Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі, егер мұғалімдер өткен аттестациясымен айлық алып жатса, ол заңсыз болып саналады. Білім беру саласының мамандары араға уақыт салып, аттестаттаудан өтіп, кәсіби біліктілігін көрсетуі тиіс. Категориясын растай алмады ма, онда ескі жылмен айлық алуы қисынсыз. Екінші мәселені айтайын. Сіздің шешіміңізбен енді дайындалып жүрген мұғалімдер бар. Сол мұғалімдер әлі тестілеуден өтпеді. Шыны керек, бұл құзіреттердің бәрі сіздің қолыңызда", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ол әлеуметтік желіде өзін белгілеп, мәселесін жазған мұғалімдердің көп екенін айтты.

"Мысалы, БҚО-дан Тілекқабыл Нұрышев, Шымкентте Өмір Шыныбекұлы секілді ұстаздар бар. Оларды сотқа беріп, қудалаумен жүр. Өзіңіз сұхбаттарыңыздың барлығында "Мен мұғалімдерді қорғаймын" деп айтасыз. Ал мен атаған мұғалімдерді неге сотқа берді? Қудалау неден басталды?" – дейді мәжілісмен.

Сонымен қатар Астанадағы 90 гимназияның директоры болған Аятжан Ахметжанұлы туралы да сұрады.

"Мен сізге тікелей қыркүйек айында лицензиясына, қорғауға қатысты сұрақ қойдым.  Бүгінгі таңда арнайы тексеріс жүріп жатыр екен. Не үшін? Аятжан Ахметжанды қудалауды тоқтатыңыздар. Мұның артында Оқу-ағарту министрлігі тұрса, доғарыңыздар. Қытайдан бір қандасымыз келіп, ұлттық мектеп құрамын деп жүрсе, қолдауымыз қажет. Ал қолдай алмасақ, ең болмаса қудалауды тоқтатайық. Ол елдігімізге де, азаматтығымызға да, сізге де сын", – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу