Қанды қылмысқа оның экс-күйеуі күдікті деп танылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Ақтөбедегі неке сарайында 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан жан тапсырған.
Оқиға 2026 жылдың 3 қарашасында тіркелді. Куәгерлердің сөзінше, ғимарат ішінен айқайлаған дауыстар естілген. Полиция оқиға орнына барғанда әйел көп қан жоғалтып, еденде жатқан. Өкініштісі сол, ақ халаттылар оның өміріне араша түсе алмады.
Қайғылы жағдайдың алдында марқұм мен бұрынғы күйеуі арасында жанжал туындаған. Куәгерлердің айтуынша, ер адам әйелдің басқа азаматпен қарым-қатынаста болғанына наразылық білдірген. Марқұмның бірнеше баласы бар екені анықталды.
Полиция күдіктіні қылмыс болғаннан соң ізін суытпай қолға түсірді.
– Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің кім екені анықталып, көп ұзамай қолға түсті. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Аталған дерек бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.