Күдіктіні ұстау, полиция бөлімшесіне жеткізу барысы камераға түсірілетін болады

461

Мұндай талаптар тергеу барысында күдіктілерді ұрып-соғу, азаптауға жол берілмеуі үшін жасалады. 

Күдіктіні ұстау, полиция бөлімшесіне жеткізу барысы камераға түсірілетін болады Фото: БП Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы

Азаптауға қарсы іс-қимыл шараларын іске асыру шеңберінде Бас прокуратура қызметкерлерінің елордалық полицейлермен кездесуі өтті, деп жазады Inbusiness.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Іс-шара барысында қалалық полиция басқармаларының жеке құрамына қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға бағытталған құқықтық актілердің жаңартылған талаптары түсіндірілді.

Жаңа талаптарға сай процестік мәртебесі жоқ адамдармен әңгімелесуге, сауалнама, келіссөздер жүргізуге тыйым салынды, адамдарды әкелу, жеткізу және ұстау процесін міндетті түрде камераға бекіту көзделген, заңнамада азаптау жасалған аумақтық құқық қорғау органы басшысының жауапкершілігі белгіленген және т.б.

"Полиция қызметкерлері новеллаларды талқылауға белсенді қатысып, дәлелдемелерді жинау және баға беру механизмін жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Қатысушылардың бірауыздан пікірі бойынша қабылданып жатқан шаралар мен оларды мүлтіксіз сақтау құқық бұзушылықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

Ел Президенті құқық қорғау органдарының алдында азаптау мен қатыгездік таныту әрекеттерін болдырмау үшін шараларды қолға алуға тапсырма берген болатын. Азаптау істерін тергеп-тексеру функциясы прокуратура органдарына жүктелген.

Осы тапсырмаларды орындау үшін жыл басынан бері бірқатар заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар қабылданды.

Азаптауды тергеп-тексерудің нұсқаулығы мен әдістемесі әзірленді, құқық қорғау органдары басшыларының азаптауға қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен бұйрығы бекітілді.

Азаптау туралы шағымдарға дер кезде жауап беру үшін өңірлерде жедел топтар құрылды.

Проблемаларды кешенді шешу мақсатында жобалық тәсіл қолданылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу