Күйеуі балталаған қызылордалық әйелдің жағдайы белгілі болды

Қылмыстық іске отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін.  

Күйеуі балталаған қызылордалық әйелдің жағдайы белгілі болды Фото: alash.kz

Күдікті ауыл мектебінде 20 жылдан бері мұғалім болып жұмыс істейген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бала би ауылында болған. "Келіншегінің қолын балталап тастады" делінген күдікті – 44 жастағы білім беру ұйымында жұмыс істейтін педагог.

Ер адамның әйелін балтамен бірнеше рет ұрып, саусақтарын шапқаны анықталып отыр. Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің "адам өлтіруге оқталу" бабымен іс қозғалған.

– Полиция адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша күдіктіні ізін суытпай ұстады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Өзге мәлімет жарияланбайды. Қылмыстық іс департамент басшылығының бақылауында, – деп мәлімдеген Қызылорда облыстық полиция департаменті.

Күдікті ер адам мектепте 20 жылдан бері мұғалім болып жұмыс істеген. Қылмыс ерлі-зайыптылардың үйінде болғаны айтылды.

Жапа шеккен 1983 жылғы келіншек шұғыл түрде жансақтау бөліміне жеткізілген. Жергілікті ақ халатты абзал жандарға облыс орталығынан санавиациямен әріптестері көмектескен.

Дәрігерлер әйелдің жағдайы әлі нашар екенін айтып отыр.

– Жәбірленуші өткен сенбіден бері жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, қалыпты. Оған политравма диагнозы қойылды. Миына зақым келген, саусақтарын, білегін шапқан. Басынан ұрған. Маңдай сүйегі, үш саусағы, шынтақ сүйегі сынған. Түскен бойда ота жасап, сынықтарды орнына келтірдік. Алдағы уақытта жақ сүйегіне ота жасамақпыз, – дейді Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта.

Қылмыстың туындауына қызғаныш, тұрмыстық жанжал себеп болуы ықтимал деген болжам жасалған.

Күдікті мен жәбірленушінің 5 баласы бар екені белгілі болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу