Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заңды сенатор Мұрат Қадырбек таныстырды.
Құжат Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын іске асыруға және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы оның шешімдерінде анықталған құқықтық ұстанымдарға сәйкес келтіруге, сондай-ақ құқық қорғау, әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар жүйесіндегі кадр мәселелерін реттеу бөлігінде заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
Заң мынадай негізгі ережелер мен новеллаларды қамтиды:
- құқық қорғау қызметінде цифрлық рейтинг (бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші) енгізіледі. Құқық қорғау қызметіне кандидаттың цифрлық рейтингі қызметкерлерді іріктеу және құқық қорғау органдарында басшы лауазымдарға ұсыну кезінде ескерілетін болады;
- "Құқық қорғау қызметі туралы" заңынан құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резерві, құқық қорғау органының кадрлық резерві туралы, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметін бағалау туралы нормалар алынып тасталады. Аталған институттарды жою Мемлекет басшысының Президенттік және кадрлық резервтерді басшылық лауазымдарға кандидаттардың цифрлық рейтингісіне ауыстыру туралы тапсырмасымен негізделеді;
- қолданыстағы заң бойынша жоспарлы негізде 5 жылда 1 рет жүзеге асырылатын құқық қорғау органында басшы лауазымды атқаратын қызметкерлерді ротациялау мерзімі 3 жылда 1 рет өткізу мерзіміне өзгертіледі;
- қызметкерді құқық қорғау органдарында жоғары тұрған басшылық лауазымға өсіру мәселесін шешу үшін жоспардан тыс аттестаттау және полиграфологиялық зерттеу енгізіледі.
"Бұдан басқа құқық қорғау органының қызметкерін аттестаттаудың міндетті кезеңі ретінде психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізу қосылады. Құқық қорғау органы қызметкерін аттестаттау кезеңі ретінде полиграфологиялық зерттеу енгізіледі, ол құқық қорғау органы басшысының шешімі бойынша жүргізілетін болады. Мемлекеттік әкімшілік қызметке қабылдау кезіндегі шектеулердің негіздері мен мерзімдері айқындалып, сондай-ақ мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуының негіздері нақтыланып, тұтастай алғанда оларды құқықтық реттеу тетіктері жетілдіріледі", – деді сенатор.
Сонымен қатар келісімшарттық қызметшіні мемлекеттік органдарға тартуға мүмкіндік бермейтін негіздер тізімі жаңа негіздермен толықтырылады. Кәсіптік жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сәйкес келмеуі туралы шешімнің негізінде өкілеттігін тоқтатқан судьяларға қандай да бір уақытша шектеусіз мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек бостандығына конституциялық құқықты іске асырудың құқықтық тетігі белгіленеді.