Қаңтар оқиғасы кезінде қазақстандықтардың құқығын бұзу бойынша құқық қорғау қызметкерлерінің үстінен 109 шағым түсті. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ол әкімшілік жазаны жеңілдету бойынша 13 өтініш хат сотта қаралып жатқанын жеткізді.
"Биыл 25 қаңтардағы дерекке сәйкес жедел-тергеу топтарының өндірісінде 2 044 қылмыстық іс бар. Осы істер бойынша 898 күдікті ұсталды. Олардың ішінен 802-сі соттың санкциясымен қамауға алынды, 50-і үйқамаққа алынды, ал 23-іне кепілдік, 12 адамға ешқайда кетпеу қолхаты тағайындалды, 13-і бойынша бұлтартпау шарасын қолдану қаралып жатыр", - деді Елдос Қилымжанов ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, полиция қызметкерінің әрекетіне де шағым түскен.
"Бүгінде прокуратура органдарына тыйым салынған тергеу әдістеріне, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтардың құқығын бұзу деректері бойынша 109 шағым түсті. Билікті және лауазымды өкілеттіліктерді асыра пайалану туралы 11 шағым бойынша прокурорлармен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды", - деді Бас прокуратура өкілі.
Елдос Қилымжанов қылмыстық қудалау органдары прокуратураның нұсқауымен 10 қылмыстық істі тергегенін атап өтті.
"Қазіргі таңда 21 қылмыстық іс өндірісте. Олардың ішінен 20-сы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің қызметкерлерімен, біреуі арнайы прокурорлармен тергеліп жатыр. 43 арыз бойынша тергеу жалғасуда. 22 арыз бойынша дәлел табылмады", - деді Қилымжанов.
Дәурен Ерболат