Құлаған Су-27 ұшағының ұшқышы майор Әділбек Ысқақов әскери госпитальда жатыр, деп мәлім етті ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
"Әскери дәрігерлердің дерегі бойынша, оның денсаулығы қанағаттанарлық, денесінде сынық және ісік жоқ", – делінген хабарламада.
Авиациялық оқыс оқиға болған жерге келіп жеткен қорғаныс министрлігінің комиссиясы тексеру жүргізеді. Сондай-ақ бұл жұмысқа бас әскери прокуратураның қызметкерлері де қатысады, делінген ақпаратта.
Өткен сәрсенбіде Талдықорған қаласынан 25 шақырымдай жерде түнгі мезгілде оқу-жаттығу жүргізіп жатқан ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 21751 әскери бөлімінің Су-27 ұшағы құлады.
Ұшқыш ұшақты елдімекеннен алысқа алып кету үшін бар күшін салып, кейін өзі де жерге қонған.