"Құлагер" әдеби байқауы жарияланды

613

Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыру.

"Құлагер" әдеби байқауы жарияланды Фото: 24.kz

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Ұлттық спорт қауымдастығы және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе отырып қаламгерлер арасында "Құлагер" республикалық әдеби байқауын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Республикалық сайыс поэзия, проза, балаларға арналған шығарма, комикс, драма, деректі проза, фантастикалық немесе мифологиялық шығарма аталымдары бойынша өтеді. Қатысушылар ұлттық спорт түрлерін басты тақырып етуі керек. Оған кез келген қаламгер қатыса алады. Алайда бұрын-соңды жарияланбаған еңбектерін ғана ұсынуы тиіс. Өтінім 22 маусымға дейін қабылданады. Әр номинацияның бас жүлдесі – 2 миллион теңге.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов көркем әдебиетте ұлттық мүддеге сай келетін туындылардың үлесін арттыру қажет екенін атап өтті.

"Өнердің ішіндегі ең бір қастерлісі – көркем әдебиет. Сондықтан шығармашылық зиялы қауым, жазушы қауым өкілдері үшін "Құлагер" әдеби байқауының маңызы зор. Өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді саламыз", - деді Мереке Құлкенов.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов республикалық әдеби байқаудың маңызына тоқталды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға бас назар аударғаны белгілі. Бұл ретте биыл өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қаламгерлер арасында "Құлагер" республикалық байқауының жариялануы қуанышты жаңалық. Әрине, байқау атауы кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Өйткені Ілияс Жансүгіровтің "Құлагері" – ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия. Қазақ әдебиетіне жаңа есімдер мен тың туындылар қосылып, ұлттық әдебиетімізді байыта түседі деген сенімдемін", - деді Исламбек Салжанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу