Құлағы нашар еститін такси жүргізушісін мазақ қылған блогер кешірім сұрады

339

Әлеуметтік желіде 65 мың жазылушысы бар блогер Нұрила Аманбаеваның әрекеті көпшіліктің ашуын тудырды. 

Құлағы нашар еститін такси жүргізушісін мазақ қылған блогер кешірім сұрады Фото: видеодан алынған кадр

Ол есту қабілеті бұзылған такси жүргізушісінің көлігіне отырып, оны рұқсатсыз видеоға түсіріп, контент жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Видео барысында блогер Нұрила Аманбаева жүргізушімен сөйлеспей, тіпті оны елемегендей түр танытқан. Оның бұл әрекетін көріп отырған кішкентай баласы да кадрда болған.

Ал тағы бір kazaxar есімді қолданушы бұл оқиғадан блогер сабақ алып, жауапқа тартылуы керек екенін айтады.

"Елестетіп көріңізші. Сіз күн сайын есту қабілетіңіз шектеулі болса да, отбасыңызды асырау үшін жұмысқа шығасыз. Сонда көлігіңізге бір блогер отырады. Сізбен сөйлеспейді, құрмет те көрсетпейді. Тек камерасын қосып, сізді рұқсатсыз видеоға түсіріп, қимылыңызды өзі қалағандай "сөйлетіп" қояды. Мұның бәрі баласының көзінше болып жатыр. Бұл жай ғана құрметсіздік емес, бұл қатыгездік. Үнсіз, күнделікті, бірақ жүрекке жара салатын қатыгездік. Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Мұны бәрі көруі керек", – деп жазды желі қолданушысы.

Кейін блогер өз парақшасында “кешірім сұрағандай” видео жариялаған, алайда желі қолданушылары оның сөздері шынайы емес екенін айтып, сынның күшейе түскенін жазды. 

"Ол кешірім сұрағандай тағы бір видео жариялады, бірақ негізінен Threads платформасын жамандап, "онда күн сайын біреуді сынайды, бәрі жаман адамдар" деп ақталған. Бірақ желі қолданушылары: "Ой, ұятқа қалдың ба — мойында оны абыроймен. Threads – ең жақсы әлеуметтік желі!" – деп жазды оқырман.

Блогер Нұрила видеосы таралып кеткен соң кешірім сұрап, әзіл ретінде түсіргенін, ешкімді ренжіту мақсатында жасалмағанын айтты. Видеоны америкалық трендке еліктеп жасағанын жеткізді.

“Бірақ оны жариялаған сәтте-ақ оның мазмұны қорлайтын сипатта екенін түсініп, қатты ұялдым. Ешқашан біреуді мазақтап, қорлайтын контент жариялаған емеспін. Мұны ойланбай жасағаным үшін өкінемін. Айтпақшы, видеоны салғаннан кейін оны біреулер бірден көшіріп алып үлгерді. Ол видеода жүргізушіні қорлауды немесе оның сезімін жаралауды мақсат етпедім", – деп кешірім сұрады блогер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу