Құлпытас ұрланып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

2002

Жерлеу рәсімімен айналысатындардың айтуынша, тасқа жазылған есімді оп-оңай өшіруге болады. 

Құлпытас ұрланып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Алматы облысында бейіт басындағы құлпытас ұрланды. Оқиға Көксу ауданындағы Мұқыры ауылында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шолпан Садықованың айтуынша, ол 14 шілде күні жолдасының басына құран оқытуға келген. Сол кезде марқұм күйеуіне қойылған гранит тастың ұрланғанын көріп, шошып кеткен.

"Соңғы рет 30 сәуірде келгенде барлығы бүтін болған. Енді келсем тас жоқ. Бір басында қара тас. Келгенде әйтеуір бет сипап, құран оқып қана қайтамыз. Енді далаға келгендейміз. Не аты, не заты жоқ. Елдер темірін алып өткізеді дейтін, жарайды, ол адамның миына сиятын. Енді марқұмның аты жазылған тасты қалайша ұрлап кетеді? Қалай басқа адамға сатады? Адамдар не болып барады, түсінбеймін. Жолдасым қайтыс болып, төрт баламмен қалдым. Балаларым әкелеріне орнатылған тастың жоғалғанын көріп, жылады", – дейді Көксу ауданының тұрғыны Шолпан Садықова.

Ұрланған қара гранит тастың құны қазір нарықта 150 мың теңгенің көлемінде екен. Жерлеу рәсімімен айналысатындардың айтуынша, тасқа жазылған есімді оп-оңай өшіруге болады. Сұмдық жайттан есеңгіреп қалған Садықовтар әулеті жергілікті әкімдік зират басына бір адамды бекітіп, күзетші етіп қойса дейді. Себебі, бейіт басындағы тасты сындырып, ұрлап кеткен ұрыдан кез келген сұмдықты күтуге болады деп үрейленіп отыр. Оқиға болған елдімекендегі Мұқыры ауылдық округінің әкімі бұл мәселені Көксу ауданының әкіміне ұсыныс ретінде жеткізетінін айтты. Ал облыстық полиция департаменті ұрыны іздестіріп жатыр.

"Қылмыстық кодекстің 188-бабы, яғни ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, аудандық полиция бөлімінің басшылығы бұл істі қатаң бақылауына алды",– деді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу