Директор келесі күні өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш жазған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құлсары қаласындағы А.Пушкин атындағы №6 мектеп директоры қызметінен босатылды. Аталған оқу орнында 10-сынып оқушысы құрдастарымен сөзге келіп, мектеп ішінде балтамен басқа оқушыларға шабуыл жасаған болатын.
Шабуыл салдарынан 2 жасөспірім жеңіл дене жарақатын алған. Күдікті оқушы жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды және профилактикалық есепке алынды.
Аталған дерек бойынша "Бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданып, жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, 10-сынып оқушысының сыныптастарымен жанжалынан соң жасөспірімнің жеке басына қатысты кейбір деректер белгілі болды.
"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, 15 жастағы оқушы бұған дейін ішкі істер органдарында тіркеуде болмаған, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Сондай-ақ мектепте де, мектептен тыс жерде де оның қатысуымен ешқандай жанжал тіркелмеген.