Атырау облысы Жылыой ауданы әкімі Азамат Бекет халыққа алдында есеп берді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ауданда 2018 жылы 31,5 млн тонна мұнай, 15,8 млрд куб метр газ өндірілген.
Аудан әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, құрылыс саласына 444 млрд теңге инвестиция салынды. "Береке", "Мұрагер" ықшам ауданында екі балабақша, музей мен кітапхана, өнер мектебіне жаңа ғимараттар қосылады.
Жол құрылысы жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Құлсарыға 107 км жол салу керек. Бірінші кезеңде 5,7 шақырым жолға асфальт төселеді. Бірінші кезең бойынша қаланың 14 ықшам ауданын қамтитын 45 км автожол салу жоспарда бар.
Құрсай өзенінің түбін тереңдету және жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы ауданда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау нысандарында кәсіби кадрлар жетіспейтінін атап өтті. Ауданға 31 мұғалім, екі дәрігер (окулист және кардиолог) керек. Бұл проблеманы шешу үшін білім беру, денсаулық сақтау басқармаларымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Азамат Бекет 2019 жылдың басты жоспарларын айтты. Жаңа автожол құрылысы жалғасады, тұрғын үйлер құрылысына, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын сатып алып, орнатуға қаражат қаралған. Жалпы ұзындығы 68 км көшені жарықтандыру, қоғамдық көліктің үзіліссіз жүруі үшін қосымша 20 автобус сатып алу жоспарланып отыр.
Билік алдында аймақты сумен қамту бойынша стратегиялық міндет тұр. Осыған байланысты ұзындығы 30 км жаңа су таратқыш құрылысын салу жөнінде шешім қабылданды. Құбыр желісі қолданыстағы "Қиғаш – Жаңаөзен" су құбырына қосылатын болады.