Құлсарының 357 тұрғыны өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойды

236

Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 1 200 нысанды бағалау қорытындысын дайындады.

Құлсарының 357 тұрғыны өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойды Фото: Атырау облысының жедел штабы

Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккен 357 тұрғын өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойды,деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, Құлсары қаласында мобильді топтар бір тәулікте тұрғындарға 300-ге жуық бағалау парағын таратқан.

"Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 1 200 нысанды бағалау қорытындысын дайындады. Үйі суға кеткен 357 тұрғын өтемақы алу туралы келісімге қол қойды. Ал, 109 тұрғынның жеке шотына өтемақы қаражаты аударылды", - деп хабарлады жедел штабтан.

Құлсары қаласының тұрғыны Нұршат Әуелбаеваның айтуынша, бағалау компаниясы есептеп, ұсынған қаражат оның есебімен сәйкес келген.

"Менің үйім апатты деп танылды. Енді сол үйді бұзамыз. Тасқын су кірген үйімнің құны әділ бағаланды. Мемлекеттен түсетін өтемақы шығынымды толығымен жабады. Ақшалай өтемақыға жаңа үй сатып аламын немесе жаңа үй салуым мүмкін. Қазір бұл мәселені отбасымызбен ақылдасып отырмыз", - деді Нұршат Әуелбай.

Ал, Күнзира Тәжіғұлова ақшалай өтемақыға жаңа тұрғын үй сатып алуды көздеген.

"Үйіме кірген су екі метр деңгейінде сақталып тұрды. Соның салдарынан апатты деп танылған үйімді алаңсыз бұзуға болады. Оның орнына жаңа тұрғын үй сатып аламыз", - деді Күнзира Тәжігұлова.

Су тасқынынан бүлінген мүлікті бағалау жұмысын осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

"Қазір Құлсары қаласында бағалау нәтижесін таныстыруға 20 мобильді топ жұмылды. Олар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Мобильді топтардың жұмысы барлық бағалау жұмысы толық аяқталғанға дейін күн сайын демалыссыз жүргізіледі. Тұрғындарға №20 мектепте апатты деп танылған үй иелері мен су тасқынынан зардап шеккендерге ақшалай өтемақы төлеуге қатысты ақпарат беріліп отыр. Ал, мәдениет үйінде өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойылады", - деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу