Күлтөбе қалашығын XVI-XVII ғасырдағы үйлердің орны қаз-қалпында табылды

1017

Биылғы жылдың 17 қаңтарынан бастап Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталған болатын.

 Күлтөбе қалашығын XVI-XVII ғасырдағы үйлердің орны қаз-қалпында табылды

Түркістандағы Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінен қоқан және қазақ үйлерінің орны, тандыр және ұстындар шоғыры  анықталды, деп хабарлайды "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.

Биылғы жылдың 17 қаңтарынан бастап Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталған болатын.

Қазба және анықтау жұмыстарымен мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты айналысуда. Археологиялық топтың жетекшісі – Серік Шаймерденұлы Ақылбек.

Қазіргі таңда 80-ге жуық археолог еңбек етіп жатқан алаңда қазба жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 300-ге жеткізу жоспарлануда.

"Түркістанның ең көне бөлігі – Күлтөбе қалашығы екені белгілі. Зерттеу және зерделеуге арналған ауқымды жоба Күлтөбенің өзі мен айналасын қамтиды. Бүгінгі таңдағы ең басты жұмыс ескерткіштер аумағын үйінді топырақтан тазартуға арналып отыр. Себебі, 1975 жылдардағы аэрофотосуреттермен салыстырғанда өзгерістер көп. Мәселен, сай боп көрінген аймақ қазіргі таңда дөңеске айналған.Тарихи аумақтың мәдени қабаттарын анықтау мақсатында барлау қазбалары да жұмыс жасауда.  Барлау нәтижесінде түсірілімде көрсетілген сай түріндегі қыртыста тарихи қабаттың бар-жоғы нақтыланады",– деді археологиялық топ жетекшісі Серік Ақылбек.

Соған қарамастан аз ғана күн ішінде көне ғасырлар сырының бір сыры ашыла бастады. Археологтың айтуынша, XIX ғасырға тән  Қоқан үйінің қалдықтары анықталса, одан 70 сантиметрдей төмен тұста  XVI-XVII ғасырға тән қазақ үйіне көз жеткізесіз. Мұнда күлі де сол қалпында сақталған тандыр, дәліз және есік орны бар. Сонымен қатар, үй тіреуге арналған тас ұстындар шоғырының да беті ашылып келеді. Түрлі ғасырға тән құмыра сынықтары да көптеп шыға бастаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу