Құлжа тракті – Бұқтырма көшесі бойындағы жолайрығы мыңдаған алматылықтардың мобильділігін арттырады

1146

Бұл жолайрық Түрксіб ауданы мен қала маңындағы елдімекендердің 350 мыңға жуық тұрғынының жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызбақ.

Құлжа тракті – Бұқтырма көшесі бойындағы жолайрығы мыңдаған алматылықтардың мобильділігін арттырады

Алматы әкімі Б. Сағынтаев жұмыс сапары барысында Құлжа тас жолының Бұқтырма көшесімен қиылысқан тұсында салынып жатқан жолайрығының құрылысын тексерді.

"Құлжа тас жолының Бұқтырма көшесімен қиылысқан тұсында қаланың "шығыс қақпасы" жанындағы қозғалысты жеңілдететін көлік айрығы салынуда. Қала тұрғындарына "әуежай айналма жолы" ретінде таныс бұл аймақта көлік нөпірі сейілмей тұр", - деп жазды қала әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында.

Оның мәліметі бойынша, жобаға сәйкес мұнда төрт және алтыжолақты қозғалыспен жүретін заманауи әрі көпдеңгейлі жол өткелі салынатын болады. Құлжа тас жолы бойындағы эстакаданың ұзындығы 784 шақырым, Бұқтырма көшесіндегі туннелдің ұзындығы 570 шақырым. Аумақтың айналасын абаттандыру үшін 750 ағаш отырғызылады.

"Жоспар бойынша келесі жылдың соңына қарай пайдалануға берілгеннен кейін Бұқтырма көшесінің өткізу қабілеті 30%-ға, ал Құлжа трактісі бойынша 15%-ға өседі. Жалпы бұл жолайрығы Түрксіб ауданы мен қала маңындағы елді-мекендердің 350 мыңға жуық тұрғынының жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызбақ", – деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Еске салсақ, қазіргі кезде Алматыда Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесінің және Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесінің қиылыстарында тағы екі көлік жолайрықтары салынуда. Олардың құрылыстарын аяқтау 2021 жылдың соңына жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу