Келіссөздер барысында елдер арасындағы жолаушылар және жүк тасымалы әуе рейстерін орындалуы, белгіленген пункттер санын арттыру және тұрақты рейстерді пайдалануға қатысты басқа да мәселелер талқыланды.
Келіссөздер нәтижесінде бағыт желісін кеңейту және екіжақты әуе қатынасын дамыту туралы келісімдерді қамтамасыз ететін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Екі жақ қазақстандық тасымалдаушылар үшін жаңа бағыт – Құлжа қаласын қосуға келісті. Келіссөздер барысында тараптар Қашғар қаласына ұшуды ұйымдастыру мәселесін де талқылады.
Айта кету керек, екі ел арасындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. Осылайша, 2025 жылдан бастап елдер арасындағы рұқсат етілген рейстердің жалпы саны аптасына 124-ке дейін ұлғайтылды. Бұл ретте екі елдің тағайындалған әуе компанияларына "әуе еркіндігінің" бесінші деңгейін пайдалана отырып ұшуға рұқсат берілген.
SCAT әуе компаниясы биыл Қытайға 3 жаңа бағыт ашты. Осылайша, ағымдағы жылдың 29 мамырында аптасына 2 рейс жиілігімен Шымкент-Шанхай бағыты ашылды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 2 және 4 шілдесінде Шымкенттен Сианьға және Үрімжіге әуе рейстері ашылды. Ұшулар аптасына 2 рейс жиілігімен орындалады.
Ағымдағы жылдың 4 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының тасымалдау нарығына Қытайдың жаңа тасымалдаушысы China Eastern Airlines шықты. Әуе компаниясы Алматы – Гуанчжоубағыты бойынша аптасына 3 рейс жиілігімен рейстерді орындайды. China Eastern Airlines –паркінде 800-ден астам ұшақ бар әлемдегі ең ірі әуе компанияларының бірі.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 13 тамызында Қытайдың "COMAC" аэроғарыштық компаниясы шығарған "С909" ұшағы алғаш рет Қазақстан Республикасына қонды. Ұшақ Үрімші – Қарағанды – Үрімші бағыты бойынша ұшты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға және авиация саласын дамытуға, көліктің қолжетімділігін кеңейтуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.