Күмәнді тұрғын үй кооперативтеріне бақылауды күшейту ұсынылды

705

Бүгінде мұндай кооперативтерден 200 млн теңге шығын келген.

Күмәнді тұрғын үй кооперативтеріне бақылауды күшейту ұсынылды

Мәжіліс депутаты Файзолла Каменов күмәнді тұрғын үй кооперативтеріне бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдады.
Оның айтуынша, елдегі ірі қалалардағы тұрғындар саны өсіп жатыр.

"... Үкіметке жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет деген тапсырма берілді. Бірақ жүйесіз бағдарламалардан бөлек, елде тұтыну коперативтеріне ақша аударып үйсіз-күйсіз қалып жатқан адамдар саны күннен-күнге өсіп жатыр", - деді Файзолла Каменов.

Ол жылжымайтын мүлік нарығында тұрғын үй тұтыну кооперативтерінің болуы алаңдаушылық тудыратынын атап өтті.

"Тұрғын үйге жоғары сұраныс оны жылжымайтын мүлік нарығында сатып алудың әр алуан түрлері мен формаларын қамтиды. Бірақ өмір олардың барлығын сатып алушының мүддесін қорғау тұрғысынан қолайлы емес екенін көрсетті. Қолданыстағы заңнама тұтыну кооперативтерін құруға тыйым салмайды, алайда олардың арасында қаржы пирамидасына өте ұқсас схема бойынша тұрғын үй сатып алуды ұсынатын көптеген кооператив кездеседі", - деді депутат.

Файзолла Каменов тұрғын үй кооперативтері ипотекаға балама деген сылтаумен әртүрлі схема бойынша әрекет ететінін жеткізді.

"Тұрғын үй сатып алу үшін жарна салушы пәтер құнының 10-30% төлеуі тиіс және басқасы өздерінің 10-30% жарнасын енгізгенше күтуі тиіс. Ай сайынғы төлемдер мен пайыздарды енгізуге жол беріледі, бірақ қажетті соманы жинау кейінгі жарнашы-клиенттердің есебінен жүргізіледі. Кооперативке қатысушылар неғұрлым көп тартылса, соғұрлым тезірек тұрғын үй сатып алуға болады. Бұл елдегі кез келген қаладан тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді", - деді депутат.

Оның пікірінше, сатып алушылар ағыны аяқталған кезде мұндай ұйым жойылып, тұтыну кооперативіне кірген қатысушылар алданып қалады.

"Мұндай кооперативтердегі сатып алушының мүддесі әдеттегі үлестік құрылысқа немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысуға қарағанда іс жүзінде қорғалмайды. Өйткені қарапайым кооперативтер арқылы тұрғын үй сатып алудың мұндай нысаны заңнамаға сәйкес мүмкін болса да, еш жерде регламенттелмеген", - деді Файзолла Каменов.

Бүгінде Қазақстанда 1 827 түрлі тұтыну кооперативтері тіркелген. Бірақ тұрғындар көбінесе тұрғын үй тұтыну кооперативтерінің әрекеттеріне шағымданады екен.

"Құқық қорғау органдары қаржы пирамидасын құру фактілері бойынша көптеген істі тергеуде. Оның ішінде "Новый дом 2017", "Свой дом", "Бест Вей-Недвижимость", "Шаңырақ КТК" "Отан строй" сияқты өндірістік кооперативтер назарға ерекше туседі. Олардан келген залал сомасы 200 млн теңгеден асады", - деді депутат.

Осыған байланысты Файзолла Каменов Үкіметтен осындай кооперативтердің қызметін қатаң түрде регламенттеу керегін сұрап, келесі шараларды қабылдауды ұсынды:
- тұтыну кооперативтерін тиісінше бақылау және олардың қызметін регламенттеу үшін мемлекеттік органдардың үйлестірушісін айқындап беру қажет; 
- тұтыну кооперативтері арқылы тұрғын үй сатып алу үшін ақша қаражатын салу қаупі туралы азаматтардың хабардарлығын арттыру керек.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу