Астанада ЖШС бас директоры 940 миллион теңгеден астам қаржыны құмар ойынға жұмсаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бөтеннің мүлкін талан-таражға салу, яғни аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлау қылмысын жасаған К.-ға қатысты айыптау үкімі шығарды", делінген сот хабарламада.
Тергеу барысында анықталғандай, "Т" ЖШС бас директоры төлем мақсатында жалған мәліметтер көрсетіп, төлем тапсырмаларын банк-клиент бағдарламасына жүктеген. Ақша оның жеке шотына, сондай-ақ үшінші тұлғалардың шоттарына аударылған. Сот бас директордың букмекерлік кеңселер мен мекемелердегі ойын ставкаларына ақша жұмсағанын айтты.
Ер адамның әрекетінен келтірілген жалпы материалдық шығын 940 миллион теңгеден асады. Сотталушы өз кінәсін толығымен мойындады. Сот оны бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.