Күн сайын 50-ге жуық жұмысшы өзендерді қолмен тазартады

856

Күн сайын 50-ге жуық жұмысшы өзендерді қолмен тазартады

Есіл өзені мен Ақбұлақ және Сарыбұлақ бұлақтары бір айда 63 тонна қоқыстан тазартылды. Оның жартысына жуығы тұрмыстық қалдықтар, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

"Биыл біздің мекеме алғаш рет қала аумағындағы өзендерді тазарту жұмысын жүргізе бастады. Тек бір айдың ішінде Есіл өзені мен Ақбұлақ пен Сарыбұлақтан 63 тонна қоқыс жиналды. Оның жартысы балдыр, ал қалған жартысы темекі тұқылы, пакет, пластикалық бөтелкелер мен басқа да тұрмыстық қалдықтар", - деді "Есіл Астана" МКҚК директоры Қанат Алин медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында.

Алинның айтуынша елорда аумағындағы су жолдарындағы ең көп қоқыс Сарыбұлақта жиналады. Атап айтқанда Н.Тілендиев көшесінен бастап теміржолға дейінгі аралық ең көп ластанатын жер болып саналады. Себебі бұлақтың тереңдігі кейбір жерде 20 см болса, кейбір жерінде 1,5 метрге дейін жетеді. Ыстық күндері су астындағы өсімдіктер көбейіп, салдарынан судың беті балдыр мен шөптен көрінбей қалады. 

"Сарыбұлақ бұлағының ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Бұлақтың Есіл өзенінен Тілендиев көшесіне дейінгі аумағы төсемтаспен қапталған, жиектері қоршалған. Алдағы уақытта елордадағы барлық су жолдарының жағаларын жөндеп, түзеу жоспарда бар", - деді мекеме директоры.

Бүгінде Астана өзендерін тазарту жұмысына күн сайын 50-ге жуық жұмысшы шығады. Техниканы жеткізу мүмкіндігі болмауына байланысты Сарыбұлақтағы тазалық шаралары тек қолмен жүргізіледі.

"Астана күнінен кейін Есіл өзенінің жағасынан 2 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жинадық. Осы орайда, қала тұрғындары мен қонақтарына біздің жұмысымызға құрметпен қараса дейміз", - деді Қ.Алин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу