Күн сайын Екібастұздағы ЖЭО-ның 3 қазандығы істен шығады - Скляр

700

Екібастұз жылу орталығында күн сайын 3 қазандыққа дейін істен шығады.

Күн сайын Екібастұздағы ЖЭО-ның 3 қазандығы істен шығады - Скляр Фото: ЭкспрессК

Қазандықтардың кідіріссіз жұмыс істеуін 130 адам екі ауысыммен қамтамасыз етуде. Десе де жағдай өте күрделі, дейді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр. 

Сонымен қатар Скляр қарашада апатқа ұшыраған станциядағы температура параметрлері қалыпқа келмей тұрғанын айтты. Сөзінше орталықтың қалаға беріп отырған жылуы көрсетілген температурадан 10-20%-ке төмен көрінеді. 

Апта бұрын Екібастұзға барып, аймақтағы ахуалды көзбен көріп келген Роман Скляр жағдайдың әлі де мәз емес екенін айтты. Сөзінше бұрын жылыту қазандықтары аптасына бір-екі рет істен шығып тұрса, қазір апаттар күнделікті сипатқа ие болған. Былтыр апат салдарымен күрескен 15 қызметкердің орнына қазір 130 адам жұмысқа шығарылыпты. Әйтседе жағдай ретке келер емес. 

"Өткен аптада менімен бірге Үкіметтік комиссия Екібастұзға барды. Жағдай өте күрделі. Былтыр желілердегі апат станцияның жұмысын теңгерімсіз етті. Егер бұрын қазандықтардың уақытша тоқтап қалуы аптасына 1-2 рет болса, қазір 1,2 немесе 3 қазандық күнде істен шығады. Осы орайда оларды шұғыл түрде қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр", дейді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Скляр сөз арасында Екібастұздың жылу мәселесін шешуге қанша қаражат қажеттігі әзірге белгісіз екенін де айтып қалды. Қажетті қаржы мемлекет қорынан қаралады ма немесе акционердің қалтасынан алынады ма ол да белгісіз деп баяндады. Бұл мәселенің нүктесі жылумен жабдықтау жүйелеріне жүргізілген техникалық аудит қорытындысымен қойылмақ.  Ал аудиттің қашан аяқталатынын сенаторлар парламенттік тыңдау барысында Энергетика министрінен сұраған болатын.

"Жылумен жабдықтау жүйелеріне жүргізілген техникалық аудиттің қорытындысын неліктен созып отырмыз? Қалада жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталатын кең ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шамамен қанша миллиард қаржы қажет? Оған қажетті қаражаттың қанша пайызын құрылтайшысы Александр Клебанов болатын компания мойнына алмақшы? Келесі қысты екібастұздықтар көңілдері алаңдамай қарсы алатындай жағдай жасалады деп айта аласыз ба", деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы.

Ақшолақов та Склярдың жауабынан әрі аспады. Бәрін аудиттің қорытындысымен анықтаймыз деп қысқа қайырды. Ал аталған техникалық аудит қорытындысы наурыз айында шығуы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу