Құзырлы орган мектептерді сапалы әрі қауіпсіз цифрлық құралдармен қамтамасыз ету үшін жұмысты жалғастырамыз деп сендіріп отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство өкілінің айтуынша, барлық білім беру технологиялары мен EdTech саласындағы жүйелер, соның ішінде "Күнделік" ақпараттық жүйесі Қазақстан заңнамасына сәйкес жұмыс жүргізеді.
"Алайда бұрын министрлік атына ата-аналар қауымдастығынан "Күнделік"-тегі жарнамалық контентке қатысты көптеген шағым келіп түскен болатын. Бұл контент оқушылардың жас ерекшеліктері мен психоэмоционалдық жағдайларына сәйкес келмеген. Сонымен қатар "Күнделік" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі тарапынан міндеттемелердің орындалмау жағдайлары орын алды, бұл мәселе жүйе әзірлеушілерімен бірнеше рет талқыланды. Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру қажеттілігіне назар аударып, келісім жүргізілді", – деп жазды вице-министр Facebook желісіндегі парақшасында.
Министрлік "Күнделік" жүйесіне еліміздің аумағындағы барлық білім беру сервистеріне тең қолжетімділік беретін мемлекеттік серверлерде хостинг ұйымдастыру және интернет-ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырып жаиыр.
Арай Уразова ақпараттық жүйелер саласындағы барлық өзгерістер мен жаңалықтар заң талаптарын сақтай отырып және білім беру үдерісіне барлық қатысушылардың мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылатынын жеткізді.
"Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасына байланысты министрлік барлық қажетті міндеттемелерді уақтылы орындап, толық көлемде түсіндірме берді. Қазіргі уақытта жағдай реттелді. Министрлік өз тарапынан оқушылар, педагогтар және ата-аналар мүддесі үшін білім беру ұйымдарын сапалы әрі қауіпсіз цифрлық құралдармен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады", – делінген жазбада.