Қазақстанда металл іздегіштер мен осындай құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салу ұсынылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілісте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
"Келесі мәселе – заңсыз қазбалар. Біз тек ескерткіштерді емес, сонымен бірге тарихи құндылығы жоғары жәдігерлерді де жоғалтып жатырмыз. Құнды заттар шетелге кетіп, "қара нарықта" сатылып жатыр. Көп жағдайда оларды металл іздегіштер мен арнайы құрылғылар арқылы тауып алады. Сондықтан заң жобасында металл іздегіштер мен осындай құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салу ұсынылған. Бұл – тарихи мұрамызды тонаудан, қорғауға бағытталған нақты қадам деп ойлаймыз. Дегенімен әлі де талқылауды қажет ететін бірнеше мәселе бар", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, жер кадастрына ескерткіштердің қорғау аймақтарын енгізу қажет.
"Бұл не үшін керек? Құрылысты бастағанға дейін азаматтар осы базадан тарихи-мәдени ескерткіштердің бар екенін білуі тиіс. Қазір ондай ақпарат жоқ. Сондықтан осындай жерлерге құрылыс салу қауіпі бар. Бұл түзету бойынша Үкіметтің қолдауы қажет. Мемлекет басшысы осы салада жауапкершілікті қатаңдату туралы нақты тапсырма берді. Біз заң жобасында арнайы нормаларды да ұсындық, бірақ Үкімет қолдамады. Екінші оқылымға дейін бұл мәселе қайта қаралып, Президенттің тапсырмасы орындалуы қажет", – деді депутат.
Тағы бір мәселе – жергілікті тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекцияларының жұмысы.
"Бүгінде олар қағаз жүзінде бар, алайда ешқандай құзыреті, бақылау тетігі мен ресурсы жоқ. Осы жүйені реттемейінше, нақты бақылау орнату қиын", – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, бұған дейін археологиялық және реставрациялық жұмыстарға бір ғана лицензия беріліп келгенін жазғанбыз.