Семейде жергілікті университеттің 4 курс студенті оқу ақысын төлеу үшін қара жұмысқа барып, кірпіш құятын құрылғының ішіне цемент салып жатқанда бір қолын бір-ақ турап тастаған. Жәбірленушінің жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға кірпіш құятын цехтың бірінде болған. 22 жастағы Нұрасыл күнделікті 12 мың теңге тауып, оқуының ақшасын өзі төлеуге бекінген. Алайда студенттің арнайы апараттың қасында аяғы тайып, қолы темірге тиген. Сол сәтте құрылғының ішіндегі темірлері қолын білектен төмен турап тастаған.
"Цементті көтеріп, апараттың үстінде тұрғам. Цементті салған кезде аяғым тайып, ішіне қолым кіріп кетеді. Өзім жұлып алдым. Талып қалдым. Қарасам, ішіне кіріп бара жатырмын. Көзімді ашып, артқа қарай құладым", – деді студент Нұрасыл Жаңабаев.
Кейін ес-түссіз қалған жігітті цехтағы адамдар ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оған дереу ота жасап, қолын кесуге мәжбүр болған. Ал жақындары құзырлы органдардан әділдікті талап етіп отыр. Сондай-ақ зар қаққан анасы ұлының жалдамалы жұмыс істеген жерінен ешқандай көмек болмады, дейді.
Еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрылғанын жеткізді. Комиссия 10 күннің ішінде тексеріс қорындысын жариялайды. Егер жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылық анықталса, олар тиісті шара қабылдайды.
Қолынан айырылған студенттің құқық қорғау органында қызмет атқарамын деген арманы болыпты.