2023 жылғы наурызда кедендік тексеру барысында Алматы қаласы бойынша МКД "Жетісу" кеден бекетінің лауазымды тұлғалары Алматы қаласы бойынша ЭТД қызметкерлерімен бірлесіп Авиациялық көлік прокуратурасы бастамасымен Үндістаннан әкелінген контрабанданы тәркіледі.
Таза салмағы - 356 келі болатын 54 449 дана "тағамға биологиялық белсенді қоспа" деген атпен дайын дәрілік заттардың партиясын (таблетка түрінде) елге кіргізуге тырысқан. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша МКД баспасөз қызметі хабарлады.
Кедендік сараптама нәтижесінде тауар "дәрілік зат" болып табылатыны және терапевтік мақсаттарда пайдалануға арналғаны анықталды. Ол дозаланған дәрілік формада бөлшек саудаға арналып оралған.
Жүргізілген есептеулерге сәйкес, тауарлардың кедендік құны 43,4 млн теңгені, ал бюджетке келтірілген шығын сомасы 5,2 млн теңгені құрайды.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушының іс-әрекетінде ҚР ҚК-нің 234-бабында көзделген "экономикалық контрабанда" бұзушылық белгілері байқалады, осыған байланысты материал шешім қабылдау үшін Алматы қаласы бойынша ЭТД-не жіберілді.
2023 жылдың басынан бастап Департамент кедендік тексеру нәтижелері бойынша кеден заңнамасын бұзудың 780 фактісін анықтады, айыппұл сомасы 6,4 млн теңгені құрады, қосымша 82,2 млн теңгеге кедендік төлемдер мен салықтар есептеліп, өндірілді.
МКД "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 34-бабының 1-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлар одақтың кедендік шекарасынан өткен кезден бастап кедендік бақылауда екенін еске салады.