Құны 5,6 трлн теңгеден асатын кен орны мемлекетке қайтарылды

359

Кен орнында 1,075 млн тонна никель және 585,9 мың тонна кобальт қоры бар. 

Құны 5,6 трлн теңгеден асатын кен орны мемлекетке қайтарылды Фото: inbusiness.kz

Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу шеңберінде мемлекетке Қостанай облысындағы “Шевченковское” бірегей кен орны қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Кен орнында никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады.

“Биылғы 27 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Тимур Тоқтабаевқа қатысты үкімі жарияланды. Ол пайдалы қазбалардың ірі қорлары бар кен орындарын онымен үлестес тұлғаларға беру кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Тоқтабаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, “Ерен еңбегі үшін” мемлекеттік наградасынан айырылды”, - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек экс-шенеунікке тиесілі қымбат мүліктері де тәркіленді: 

- Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Көкшоқы ш/а мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі;

- Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үй;

- 2021 жылы шыққан "Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC" маркалы авто;

- 2021 жылы шыққан "Bentley Bentayga V8" маркалы авто.

- Он үш коммерциялық ұйымның қатысу үлесі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу