Қаржы министрі Мәди Такиев жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі нормаларын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер ведомство басшысынан "Мемлекеттік қызметшілердің және басқа да декларация тапсыратын адамдардың схемасы қалай тексеріледі?" деп сұрады.
"Келесі жылдан бастап өз мүлкіңізді біреудің атына жаза алмайсыз. Жазған жағдайда ол адам қайдан ақша алғанын көрсетуі керек. Ауылда қарапайым кісі болып жүрсе, ертең 100-200 млн теңгені қайдан алды деген сұрақ оған туындайды. Зейнеткер де мүлік сатып алса қай жерден (қаражат) алғанын көрсетуі керек", – деді министр Мәжіліс кулуарында.
Тілшілер "Жалпыға ортақ декларация келесі жылы сақтала ма әлде өзгере ме?" деп нақтылады.
"2025 жылы жалпы ұлттық декларацияның нормасы қалады. Айта кететіні, бұл норманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іске асырады. Дегенмен 2025 жылы бұл норма сақталады", – деді Қаржы министрі.
Бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК-ке (74 млн теңгеге жуық) мүлік, пәтер сатып алған адамдар декларация тапсыратынын айтты.
Бұдан бөлек Мәди Такиев "мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері декларация тапсыруды жалғастыра ма" деген сұраққа да жауап берді.
"Олар тізімде жоқ. Декларация мемлекеттік қызметшілер үшін сақталады. Сондай-ақ, бұл квазимемлекеттік секторлардың басшылары үшін және жұбайлары үшін, құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлкі бар адамдар үшін сақталады. Сонымен қатар шетелде мүлкі бар адамдар және шетелдегі банкте қаржы қоры бар адамдарға да қатысты. Бұдан басқа декларацияны ерікті түрде кез келген жан тапсыра болады. Мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері бұл санатқа кірмейді", – деді Қаржы министрі.