Ал ядролық отын өндірісін шектеуді еліміз жыл соңына дейін жалғастырады. Мұны да Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Қаңтар айында Үкімет өндірісті 10%-бен 22 мың тоннаға дейін азайтуға ұйғарым шығарған еді. Бұған жалпы әлемдік нарықта уран бағасының 40%-ға құлдырауы себеп болған. Бірақ енді баға қайта көтеріліп отыр. Оған Қазақстан саясатының тікелей қатысы бар дейді министр. Сондықтан Қазақстан ядролық отын жасаудың толық циклын қалыптастыруға ниетті. 2020 жылға қарай вертикалды ықпалдасқан компания да құрылуы тиіс. Бүгінде отандық уран қоры - 800 мың тонна болса, табиғи уранды есептегенде 1,4 млн тонна шамасында тұр. 2016 жылы өндіріс көлемі - 24 070 тоннаға жеткен.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі
- Биыл Қазақстанның уран өндіретін компаниялары өндіріс көлемін 10% азайтады. Шешім қаңтар айында қабылданған. Бірінші тоқсанда бұл шешім нәтижесінде баға 20%, өткен жылы 40% түскен. Енді 20% -ға өсті. Сондықтан бұл дұрыс бағыт деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев төмен байытылған уран банкінің құрылысы 70% дайын екенін жіткізді. Жоспар бойынша, ресми қызметке тамыз айында кірісуі тиіс. Бұл - Қазақстан мен Халықаралық атом энергиясы агенттігі бірлескен жобасы. Қазір Сыртқы істер министрлігі де Иранға 950 тонна уран экспорттау мәселесінде келіссөздер жүргізіп жатыр.