Құрамында қанты көп сусындар қашан қымбаттайды?

426

Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеде оң шешім шыққанын қалап отыр.  

Құрамында қанты көп сусындар қашан қымбаттайды? Фото: freepik

Құрамында қанты көп өнімдерді қымбаттатуға қатысты шешім әлі қабылданбады. Себебі бұл шешімнің экономикаға әсерін жіті бағалау керек. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігімен осы мәселені бөлек талқылаған едік. Біз ДСМ аргументтерін тыңдадық. Шын мәнінде, қоғамда бұл мәселе ушығып барады. Себебі құрамында қанты көп сусындарды, оның ішінде газдалған, энергетикалық сусындарды тұтыну көлемі артып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қант диабетіне шалдыққандардың саны артуда. Осы дерт салдарынан жылына қанша ампутация жасалатыны да белгілі болды. Бұл мәселенің өзекті екенін түсініп отырмыз. Әрине, фискалды жаңашылдық толыққанды талдауды қажет етеді. ДСМ тарапынан сомалар мен сандар айтылды. Бұл мәселе әлі де талқылауды қажет етеді. Оның экономикаға әсерін бағалауымыз керек. Бір жағынан осы өнім түрлерін өндіретіндер де бар, олар акциздерді төлеуге аса құлшыныс білдіріп отырған жоқ", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Тілшілер спикерден құрамында қанты көп өнімдер қанша пайызға және қашаннан бастап қымбаттайтынын сұрады.

"Биыл осы мәселе бойынша нақты шешім қабылдауымыз керек. Акциз бола ма әлде жоқ па дегендей. Әзірге тек Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын тыңдадық", - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу