Екі күнге созылған сайысқа еліміз бойынша 80 қари қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бұл байқауда тек жүлде алғандар ғана жеңіске жеткен жоқ. Құран үшін жол жүріп келген әрбір қатысушы – жеңімпаз. Күн сайын Құран жаттауға уақыт бөлген шәкірт – жеңімпаз. Баласына Құран үйретуге жағдай жасаған ата-ана – жеңімпаз. Шәкіртінің әрбір әрпін түзеп, әрбір сүресін тыңдаған ұстаз – жеңімпаз. Себебі Құран жолындағы ең үлкен жеңіс – Алланың разылығына ұмтылу. Қасиетті Құранның шарапаты баршамызға жаусын", – деді қариларды марапаттау рәсімінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Екі күнге жалғасқан жарыста І орынды маңғыстаулық қари Рахымжан Ержанұлы иеленіп, жаңа автокөлікті қанжығасына байлады. ІІ орын (5 млн теңге) Ұлытау облысынан келген Ахмад Махмадраджабұлына бұйырды. ІІІ орынға (4 млн теңге) Нұртілеу Серікұлы (Қызылорда облысы) лайық деп танылды.
Екі млн теңгелік жүлдесі бар IV орынды ақтөбелік Бекзат Дулатұлы иеленді. Ал V орын (1,5 млн теңге) Мансұрхан Сарварханұлына (Қарағанды облысы) бұйырды.
Сонымен қатар Құранды мәнерлеп оқу және Құранның 20, 10 парасын жатқа оқу бойынша сайысқа түскен қариларға да қаржылай сыйлық берілді.
Сондай-ақ сайысқа түскен ең жас қарилар – Ахмет Нұрланұлы (ШҚО, 9 жаста) мен Әбділәзиз Әбдулбасит (Қарағанды облысы, 9 жаста) "Көрермен көзайымы" номинациясы бойынша қаржылай (300 000 теңге) сыйлыққа ие болды.
Белгілі меценат, дін жанашыры Бахаридин Аблазимов Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХV республикалық байқауының бас демеушісі болды.