Құрбан айт алдында елордада 2,5 мың адам етке мұқтаждығын білдірді

842

Имамдарға үлкен жауапкершілік артылып тұр.  

Құрбан айт алдында елордада 2,5 мың адам етке мұқтаждығын білдірді

Нұр-Сұлтан қаласының өкіл имамы, "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов құрбандық шалу кезінде халықты діни басқармаға сенуге шақырды.

"Діни басқарма осы үлкен шараны қолына алып жатыр. Онлайн құрбандық деген – сіз үшін басқа бір адам осы істі мойнына алуы. Яғни сіздің құрбаныңызды, малыңызды таңдайды, құрбандық рәсімдерін орындайды, дұғасын бағыштайды және шариғат талаптарына сай сізге құрбандық шалып береді. Бұл жерде сенімсіздік керек жоқ. Діни басқарма, елдің мешіттеріндегі барлық имамдар бұл құлшылыққа үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Хазіретіміз айтқандай, бұл жерде жеке мүддені, пайданы көздемеу керек. Бұл шара имамдарға үлкен жүк болып, жауапкершілік артылып тұр", – деді Ерболат Жүсіпов.

"Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы қазіргі ел қиналып жатқанда барынша сауап болатын амалдары жасау арқылы басқа адамға көмектесуге болатынын айтты.
"Діни басқарма жанынан qurban2020.kz/kk/ сайтына қазір адамдар тікелей өтінішін беріп жатыр. Бүгінгі күні елордада 2,5 мың адам етке мұқтаждығын айтып, өтініш білдірді. Қазір 150 қой және 5 ірі қараға өтініш бар. Бұл сайтта құрбандық шалуға ниет етумен қатар, етке мұқтаж адамдарға да жағдай қарастырылған. Сондықтан сенімсіздік, күмән болмауы керек", – деді қаланың бас имамы.

Имамның сөзінше, құрбандық шалу кезінде кері байланыс орнатылып, әр адамның аты-жөні айтылады және есеп беріледі. Бірақ қанның аққаны көрсетілмейді. Еттің таратылуы қалалық әкімшілікпен бірге өкілдіктегі "Шарапат" орталығының еріктілері жүзеге асырмақ.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу