Құрбандықты қашықтықтан шалуға болады

815

Биыл Құрбан айт 31 шілдеде басталады.

Құрбандықты қашықтықтан шалуға болады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров мәлім етті.

"Халықаралық астрономиялық институттардың болжамы бойынша, биылғы Құрбан айт 31 шілдеге сай келеді. Дегенмен, оның нақты күнін айттан 10 күн бұрын жариялап айтамыз", – деді наиб мүфти.

Бұған қоса ол Құрбан айт мейрамы кезінде қатаң шектеу шаралары сақталатын болса, айт намазы мешітте оқылмайтынын айтты.

"Естеріңізде болса, Ораза айт кезінде карантинге байланысты айт намазы оқылмаған болатын. Бұл жағдайда да шектеу шаралары созылатын болса, айт намазын өкінішке қарай мешітте оқи алмаймыз", – деген Ершат Оңғаров қазақстандықтарға құрбандықты қашықтықтан шалуға болатынын айтты.

"Құрбан айт мейрамы құрбандық шалумен ерекшеленеді. Құрбандық малын шалуды қашықтан да орындаса да, тапсырыс беру арқылы орындаса да болады. Алла қаласа, біз оған жағдай жасауға тырысамыз. Бұл ретте жергілікті әкімдік тарапынан реттеу жұмыстары жүргізіледі. Құрбандық шалу уақытына келер болсақ, биыл 31 шілде деп болжанып отыр. Сол күні таңнан бастап үш күн бойы күн батқанға дейін құрбандық шалуға болады. Шариғат құрбандық шалуды барлық адамға жүктемейді. Тек жағдайы бар адамдарға ғана құрбандық шалу міндеттеледі", – деді наиб мүфти. 

Ал Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы батаны да бармай, қашықтықтан оқып, дұға етуге боланын жеткізді.

"Қазақта бата беру деген бар. Алайда қазіргі уақытта оны қашықтықтан беруге болады. Жалпы адам өмірі сынақтардан тұрады. Адам баласы әрбір сынақты сабырмен шығарып салса барлығы жалғаса береді. Сондықтан осы сынақтан халқымыздың аман есен өтуін тілейік", – деді ҚМДБ Төрағасы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу