Құрбанға шалынатын мал бағасын қымбаттатпау керек

1153

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге өтініш білдіріп, халқымызда: "Бота алғанша, бата ал" деген сөз бар екенін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Құрбанға шалынатын мал бағасын қымбаттатпау керек

"Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу. Ардақты пайғамбарымыз: "Адам баласы құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалмен Аллаға жақындаған емес" дейді. Демек құрбан айт күні Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу. Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы баға ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти індет уақытында кәсіпкерлікпен айналысу оңайға соғып жатпағанын түсінетінін, дегенмен халыққа көмек жасаудың сауабы мол екенін естен шығармаған абзал екенін айтты. 

"Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік", – деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу