Шығыс Қазақстан облыстық полииция департаментінің баспасөз қызметі Курчатов қаласында болған қанды оқиға туралы шұғыл хабар таратты.
"21 желтоқсанда Курчатов қаласында атыс қаруын пайдаланумен аса ауыр қылмыс жасалды. Көп қабатты үйлердің бірінде үш ер адамның мәйіті табылды", - деп жазылған хабарламада.
ШҚО полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев қайтыс болғандардың үшеуі де жергілікті тұрғын екенін айтады.
"Алдын ала мәліметтер бойынша кінәлі тұлға (қайтыс болғандардың бірі) ер адам қылмыс жасағаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Қайтыс болғандардың тұлғалары анықталды, олар Курчатов қаласының тұрғындары", - дейді Сағат Мәдиев.
Әзірге аталмыш оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.
"Өзге ақпарат тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты жария етуге жатпайды", - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.
Есжан Ботақара