Қарағанды-Балқаш күре жолы межеге сай биыл мамыр айында қолданысқа берілу тиіс еді. Алайда жолдың құрылысы кестеден бір жылға кешігіп, жұмыс аяқталмай жатыр. Неліктен бұлай болды?
Жасалып жатқан жолдың кейбір тұстарын осылай айналып жүруден шаршаған жолаушылардың мазасы әбден қашқан. Мұндай көрініс 2020-шы жылдан бері жалғасып келеді. Биыл мамыр айында қолданысқа берілуі тиіс Қарағанды Балқаш күре жолының құрылыс 8 айдан бері тұралап қалған. Мамандардың сөзінше, кестеден бұлай кешігуіне пандемияның кесірі тиді.
"Төрт жылдың проектісі ғой. Сол төрт жылмен Алла жазса бітіреміз. Пандемия деген біраз проблема болған ғой. Материал мен адамдармен. Генподрядный бізде білесіз ғой шетелден келген. Қытайдан. Адамдарды мобилизация уақытылы жасалмай сондай проблемалар болған пандемия кезінде", - дейді жобаның бас инженері Дамир Ошақпаев.
2016 жылы бұл жобаның құны 248 миллиард теңге еді. Бірақ, бүгінгі күнге дейін қажет материалдардың бағасы 50 процентке көтерілген. Сондықтан мердігер жобаға түзетулер енгізіп, тапсырыс берушіден қосымша қаржы сұратқан екен. Алайда, жауаптылар құжатты қайта қаратуға жіберіпті. Енді жұмыс қайтадан тұрып қалмау үшін, компания өкілдері өз қаражатына жұмысты жалғастырып жатыр.
"Былай өз ақшамызбенен осы проектіні ертерек іске қосылуына өз күшімізді салып жатқан жайымыз бар. Корректировка турасында қазір госэскпертизаға қайтадан кірді. Енді соның нәтижесі ыңғайлы жағына шығуына тілектеспіз", - деді мердігер Мұсабек Манаш.
Осылайша мердігерлер биыл жыл соңына дейін 4 жолақты күре жолды толық қолданысқа береміз деп отыр. Ал, қосымша абаттандыру жұмыстары келесі жылдың еншісіне қалмақ.