Күрес түрлерінен Азия чемпионаты: Кебіспаев пен Сұлтанғали финалда

822

Алматыда Балуан Шолақ спорт кешенінде күрес түрлерінен әлем чемпионатының екінші жарыс күні басталды.

Күрес түрлерінен Азия чемпионаты: Кебіспаев пен Сұлтанғали финалда

Бүгін грек-рим күресінің шеберлері 60, 67, 72, 82 және 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

14:20. Қола медальға таласатындар қатарында 97 келідегі Ерұлан Ысқақов та бар. Ол жартылай финалда ирандық балуанға 9:11 есебімен жол берді. 

13:52. Евгений Поливадов 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде үшін күреседі. Ол жартылай финалда қырғызстандық қарсыласына 7:3 есебімен жол берді.  Жарыстың қола дүлдесі үшін ол жапониялық балуанмен бозкілемге шығады.

13:20.  Команда фавориті Алмат Кебіспаев Азия чемпионатының финалына шықты. 67 келінің жартылай финалында ол Амантур Исмаиловты 4:1 есебімен ұтып, жарыстың алтын жүлдесін сарапқа салады.

13:08.  60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Айдос Сұлтанғали финалға жолдама алды. Жартылай финалда ол ирактық қарсыласын 7:2 есебімен ұтты.

12:55. Евгений Поливадов қарсыласына жол берді, дегенмен өз тобында екінші болғандықтан жарыстың жартылай финалында белдеседі. 82 келіге дейінгі салмақта күресетін ол жапониялық Сатоки Мукайға есе жіберді.  Жартылай финалда Қырғызстан спортшысы Калидин Асыкеевпен кездеседі.

12:45. Командаластарының жолын жалғастырып, Ерұлан Ысқақов жартылай финалда белдеседі. 97 келіде кілемге шыққан ол ширек финалда тәжікстандық Амржон Жураевты 9:0 есебімен ұтты. Енді ол Ирандық Мехди Мохаммад Балихамзехдехпен финалдық жолдаманы сарапқа салады.

12:40. Өкінішке қарай, Азат Садықов құрлықтық біріншілікті жеңіліспен бастады. 72 келіде белдескен ол алғашқы қарсыласы ирандық Амин Явар Кавияниннинижадқа есе жіберді. Белдесудің басында 6 ұпай еншілеген Азат есепті кездесу соңына дейін сақтай алмады. Нәтижесінде, ширек финалда ол 8:6 есебімен жеңіліп қалды.

12:25. Жарыс фавориті саналған Алмат Кебіспаев Азия чемпионатындағы сәтті жолын жалғастыруда. Ширек финалда ол кореялық Ким До Хуенгті уақытынан бұрын 10:0 есебімен ұтты. 

12:20. 82 келіде кілемге шыққан қазақстандық Евгений Поливадов екінші жеңісіне қол жеткізді. Үндістандық Синх Хардпирдті 3:2 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтті. Ол кезекті қарсыласы жапониялық Сатоки Мукайды ұтса, жартылай финалға жолдама алады.

12:07. Қазақстандық Айдос Сұлтанғали алғашқы белдесуінде уақытынан бұрын жеңіске жетті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол Оңтүстік Корея өкілі Ким Сеун Хакты 10:1 есебімен айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.  Жартылай финалда ол ирактық Каррар Аббас Мукаср Альбидахпен кездеседі.

11:57. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде кілемге шыққан қазақстандық Алмат Кебіспаев жарысты сәтті бастады. Ол алғашқы қарсыласы өзбекстандық Мирзобек Рахматовты 8:3 есебімен ұтып, келесі айналымға өтті. Алмат Кебіспаевтың ширек финалдағы қарсыласы Оңтүстік Корея спортшысы Ким До Хуенг болмақ. Финалдық кезең Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-де басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу