"Биыл топырақтағы және атмосферадағы қалыптан тыс құрғақшылыққа байланысты дәнді дақылдар егістерінің жай-күйі айтарлықтай нашарлады. Бұл Қазақстанда ғана орын алып тұрған жайт емес. Егістіктердің нашарлау тенденциясы бүкіл әлемнің астық егетін көптеген еліне әсер етті. Мысалы, Америка Құрама Штаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша Канадада бидайдың жалпы түсімі өткен жылмен салыстырғанда 31,6%-ға, Америка Құрама Штаттарында 4,4%-ға, көршілес Ресей Федерациясында 15%-ға төмендеуі болжануда", – деді Үкіметтің бүгінгі отырысында Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев.
Оның айтуынша облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша бүгінгі таңда дәнді дақылдар егістіктерінің жай-күйі былай бағалануда:
13,2 млн гектарда немесе дәнді-дақылдардың жалпы егіс көлемінің 85,2%-ында жақсы және қанағаттанарлық күйде; 2,1 млн гектарда немесе 13,7%-да нашар күйде;
178,3 мың гектарда немесе 1,1%-да егістер жойылған.
Аян Бекенұлы