Құрғақшылықтан зардап шеккендерге арналған қордың қаржысына есеп беріледі

759

Маңғыстау облысында қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қоры ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.  

Құрғақшылықтан зардап шеккендерге арналған қордың қаржысына есеп беріледі

"Казимпекс-Ақтау" қорына Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ  еліміздің жанашыр азаматтары ақша аударған.

Жиналған қаржы орынсыз жұмсалмау мақсатында қордың шығыны бойынша халыққа ақпарат берілмек.

Бүгінгі күні қайырымдылық қорына барлығы 43 089 300 теңге жиналды. Оның ішінен Батыс Қазақстан, Атырау мен Алматы облыстарынан 24 вагон шөп жеткізу үшін 2 256 810 теңге жол ақысы  төленді.

Қалған қаржыға қыс бойы өзге өңірлерден жем алдырып, шаруаларға нарық бағасынан 20%-ға төмен бағамен сату жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жем бағасын тұрақтандыруға және тұрғындарға қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Осы әдіс бойынша Қостанай облысынан 290 тонна кебек сатып алынып, 27 144 000 теңге жұмсалды. Қостанайда бір келі кебек құны 83 теңге тұрады. Оған теміржол ақысын қосқанда Маңғыстауға жеткенше 94 теңге болады. Қазір өңірде сатылымдағы 1 келі кебектің орташа бағасы 110 теңге.

Шаруалар төлеген қаражат тағы да жем-шөп сатып алуға жұмсалады. Жеткізілген мал азығы 20% жеңілдікпен сатылады. Бұл механизм қордағы қаржы аяқталғанға дейін жалғаса береді. Осылайша қор қаржысы 20%-дан  кеми отырып, қыс бойы тұрғындарға арзан бағамен жем алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні қорда 13 688 490 теңге қалды. Бұл сомма жаңадан жем-шөп сатып алған сайын 20%-ға кеміп отырмақ.

Алмас Қылыш

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу