Күрішшілер рекордтық өнімге қол жеткізді

3749

Биыл гектарына 61,8 центнерден алды. Былтыр оның көлемі 60,3 центнер болған еді.

Күрішшілер рекордтық өнімге қол жеткізді

Қызылорда облысы биыл күріштен гектарына орташа 61,8 центнерден өнім алып, 551 мың тоннадан астам Сыр салысын жинап, рекордтық көрсеткішті жаңартты.

"Жеті жыл қатарынан біздің диқандар мол өнім алып келеді. Былтырғы жылы 530 495 тонна күріш жиналса, биыл 551 273 тонна, яғни 20 778 тоннаға артық жинады. Күрішшілер гектарына 61,8 центнерден алды. Былтыр оның көлемі 60,3 центнер болған еді. Бұндай мол өнім ел тәуелсіздігінің барлық кезеңінде аймақта болған емес", – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Биыл Сырдарияның суынан тапшылық көрсе де агроқұрылымдар егістіктерде жаңа технологияларды қолданып, жоғары репродукциялы тұқымдар егіп, заманауи техникамен жұмыс істеді. Тынымсыз тердің арқасында мол өнімге қол жеткізді.

Биыл барлығы 184,2 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 89,5 мың гектары күріш, қалғаны дәнді, майлы, жемшөп дақылдары мен картоп, көкөніс, жеміс-жидек, бақша өнімдері. Соңғы жылдары алғаш рет күріш екпелерінің 11 пайызы жергілікті селекция сорттарын құрады. Жергілікті ғалымдармен бірлесе жұмыс істеген шаруашылықтар күріштің кейбір сорттарын енді брендке айналдырмақ.

Өңірде дәстүрлі "Алтын дән 2020" егін жинау мерекесі өтті. Онда 27 номинация бойынша аграрлық саланың үздік қызметкерлері марапаттарға ие болды. Онлайн өткен шарада "Үздік аудан" атағын Жалағаш ауданы иеленсе, егін, мал шаруашылығы, өңдеу саласы бойынша Қармақшы, Жаңақорған, Қазалы аудандары озаттар қатарынан көрінді.

Биыл агросалада өндірілген өнім 94,4 млрд теңгеге жетті. Ал ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 1,8 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 1,6 есеге ұлғайған. Жалпы егіс көлемі соңғы бес жылда 16 мың гектарға көбейген. Сондай-ақ аймақтың экспорттық әлеуеті артып келе жатқанын айта кетелік. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 17 мемлекетке 66,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жөнелтті. Оның жалпы құны 22,5 млн АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде биыл алғаш рет облыс еңбеккерлері Германияға 421,5 тонна қамыс, ал Қытай мен Ауғанстанға 391 тонна мақсары майын экспортқа шығарды.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу