Мультсериал атақты күйші Құрманғазы Сағырбайұлына арналған. Жоба авторлары – отандық жас суретшілер.
Олардың айтуынша, анимация арқылы жастарға, балаларға төл тарихымызды насихаттау жеңіл болады.
"Дала шырқауы" мультсериалының алғашқы маусымы 13 бөлімнен тұрады. Әзірге бірінші бөлімі ғана шықты. Екінші сериясы келесі аптада көрерменге жол тартады деп жоспарланған.
"Сценарийді өзіміз жазып жатырмыз. Басында бізде адам көп болған жоқ. 14 адаммен бастап едік. Бірінші серияны жасау 6 айға дейін созылып кетті. Қазір адам көбейді 1 серияға 2,5 – 3 ай кетеді. Қызығып, ізденіп жатқан кезде қазақта күйдің 3-4 мектебі бар екеніне көзім жетті. Енді әрбірін ашу керек. Келесі сезондар соған арналады. Күйшілердің бірі біз таңдаған Сүгір болады", - дейді жобаның арт-директоры Санжар Жүсіп.