ШҚО-да Күршім ауданынан Құйған аулына шыға берістегі көпір апаттық жағдайда тұр. Белгілі болғандай көпірдің цементтері опырылып, орнынан жылжып кеткен. Мәселені тұрғындар әлеуметтік желіде көтерді.
Көпірдің құлап кетуінен алаңдаған тұрғындар мәселені аудан әкіміне бірнеше рет айтқан. Бірақ әлі нәтиже болмапты. Осылайша. шарасы таусылған ауылдың белсенді азаматтары мен ақсақалдар алқасы көпірдің жанына жиналып, биліктен көмек сұраған.
"Күршім ауылының шығаберісіндегі көпір осындай хәлге жетті, бір плитасы орнынан тайып, бірі шетіне ілініп әрез тұр, үлкен салмақты көліктер өткен сайын плита алдыға жылжып, үстіне шығып кетіпті, кез келген уақытта құлап кетуі ықтимал", – деп жазылған әлеуметтік желіде.
Тұрғындар көпірдің қауіпті екенін ескере отырып, жанынан уақытша тағы бір уақытша көпірдің қажеттігін айтты.
"Жылдамдықтың белгілері қойылды, абай болуларыңызды сұраймыз! Ең өкініштісі, бір ай бойы қаншама лауазымды адамдарға ескерттік, Дулат Зайсанбекұлына да хабарлағанбыз, ешбірі қолға алмады! Сондықтан да, бүгін өзіміз тексеріп, қауіпті жағдайын көріп, полиция бөлімшесінің, ауыл әкімдігінің және комхоздың бірігіп атқарған іс арқасында біраз шаралар атқарылды! Ендігі кезеңде комхоз шұғыл түрде уақытша көпір салуды қолға алса", – деп жазылған парақшада.
Әлеуметтік желі қолданушыларының тағы бірі әкімнің жұмысына көңілі толмайтынын ашып жазған.
– Қаншама мәселелер қозғалды. Бірақ әкімге бәрібір. Бассейіннен бастап, бәрі сол қалпында қалды. Ешқандай прогресс жоқ. Ауданымыздың мәселесі аудан патриоттарынан басқа ешкімге керек емес, – деп пікір білдірді Қайнар ауылының атынан ашылған желі қолданушысы.
– Көпірдің жағдайынан толық хабардармыз. Алдымен арнайы мамандар техникалық қадағалау жүргіземіз. Сол арқылы жұмсалатын қаржыны бөлеміз. Көпір осы жылдың аяғына дейін қайта жөндеп бітеміз. Жуықта Үшбұлақ ауылының көпірін жөндеп пайдалануға бердік, – дейді Күршім ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы мақсат Акрамов.
Таунар Қайратұлы